Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінде тау-шаңғы туризмін дамыту перспективаларына арналған кеңес өтті. Кеңеске қатысушылар өңірдің қолайлы географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл бағыттың жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті. Бұл туристік демалысты жыл бойы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында Риддер қаласына жақын орналасқан, теңіз деңгейінен 1860 метр биіктіктегі «Проходной Белок» тауында «Анатау» тау-шаңғы кешенінің құрылысы таныстырылды. Жоба аясында қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін жаттығу базасын және халықаралық жарыстарды өткізуге арналған алаңды құру жоспарлануда.
Таудың солтүстік-батыс беткейлері табиғи желден қорғалған және тау шаңғысы мен сноубордқа арналған 4 мильге дейінгі қашықтықты қамтитын жалпы ұзындығы 15 мильге дейінгі трассаларды төсеуге қолайлы жер бедеріне ие.
Жобаның әлеуетті серіктесі ретінде бұл кешенді кезең-кезеңімен іске асыру бойынша коммерциялық ұсыныс білдірген швейцариялық Bartholet Maschinenbau AG компаниясы тыңдалды.
Айта кету керек, бұған дейін жоба ұсынушылар өңірдің дамытушы институты «Ертіс» ӘКК» АҚ өкілдерімен бірнеше мәрте байланысқа шығып, жобаның қарастырылуына қажетті бастапқы түйткілдерді ақылдасып, тараптардың міндет-мүддесін талқылаған болатын.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов шетелдік комания өкілдеріне тікелей нақты сұрақтар қойды. «Жобаның құны шамамен қандай болмақ? Айтылып отырған аумақта курорт кешенін салу қанша уақытқа созылмақ?» деген сауалдарға инженерлер тарапынан нақты аумақ шекарасы белгіленбей белгілі экономикалық есептеулер жасау қиынға соғатыны айтылды. Жергілікті әкімдік өкілдері, өз кезегінде, жобаның шамалы құны жалпы шешім қабылдау үшін шешуші фактор екенін алға тартты.
Жобаны одан әрі пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен әлеуетті инвесторлардан тұратын жұмыс тобы құрылмақ. Жұмыс тобының міндеттеріне жобаны іске асыруға қажетті жер учаскелерін анықтау, инженерлік инфрақұрылымға деген қажеттілікті бағалау және нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу кіреді. Компания өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеу «Ертіс» корпорациясына жүктелді.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар жоба аумағын нақтылау, қаржыландыру модельдерін қарастыру және инвесторлармен ықпалдасу форматтарын талқылады.
33 елде осындай жобаларды іске асырған консалтингтік компания өкілдерінің айтуынша, жергілікті жағдайға бейімделген, Ресейде сәтті жүзеге асқан ұқсас жобаның тәжірибесі негіз ретінде ұсынылуда. Жобаны кезең-кезеңмен іске асыру көзделіп отыр: бастапқы сараптама ойдағыдай жүзеге асырылса, 2027–2028 жылдары курорттың алғашқы кезеңі болып саналатын бір бөлігін аяқтап та үлгеру ықтималдығы айтылды.
Алдағы міндеттердің қатарында – басқарушы компанияны құру, аумақтың шекарасын нақтылау, басты жоспарды әзірлеу және бастапқы талдау жұмыстарын жүргізу тұр. Бұл кезеңге бастапқы қаржыландыру қажет болуы мүмкін.
Аталған бастамаларды іске асыру өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді деп күтілуде.