Қазақстанда кәсіпкерлікке деген мемлекеттік қолдау жыл өткен сайын жүйеленіп, нақты нәтижелерге бағытталып келеді. Соның айқын көрінісі – 2024 жылдан бастап іске қосылған жаңа бағдарлама аясында еліміздің әр өңірінде шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып жатыр. Бұл бастама – жай ғана экономикалық шара емес, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, өңірлерді өркендетуге және ұлттық экономиканы орнықты етуге бағытталған маңызды бетбұрыс.
Бүгінде әлемдік экономикада тұрақсыздық пен құбылмалылық күшейіп тұрған кезеңде әр мемлекет ең алдымен ішкі нарықтың беріктігіне сүйенуге мәжбүр. Осы ретте шағын және орта кәсіпкерлік – мемлекеттің негізін құрайтын тірекке айналды. Шағын өндіріс ошақтары халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің үлесін арттыруға сеп болатыны анық.
Жаңа бағдарлама шеңберінде қолға алынған шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бастамасы – Қазақстанда жаппай кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастырудың бір жолы. Бұл арқылы ел тұрғындары өз кәсібін бастауға, бұрынғы өндіріс нысандарын жаңғыртып, жаңа тыныс беруге мүмкіндік алады. Яғни, жаңа нысан салудан гөрі тиімдірек тәсіл – бұрынғы бос тұрған ғимараттарды іске жаратып, жаңаша серпін беру.
Шағын өнеркәсіптік аймақтардың басты мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, өңірлік экономикаға жан бітіру. Бұл бастама аясында мынадай бағыттар жүзеге асады:
• жаппай кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру;
• өндірістік қуаттылығы жоғары әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру;
• жұмыс орындарын көбейту арқылы халық табысын арттыру;
• өңірлік және ұлттық экономикадағы шағын бизнестің үлесін өсіру;
• салық түсімін көбейту арқылы ел қазынасын толтыру.
Бұл тек қағаз жүзіндегі жоспар емес. Қазірдің өзінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы №693 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, 2024 жылғы 1 тамызда жаңартылған №287 бұйрыққа сәйкес тиісті құқықтық негіздер жасалды. Осы арқылы өңірлерде нақты іске көшудің жолдары ашылды.
Шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру үш бағытта жүзеге асады:
1. Жаңа өндірістік ғимараттар салу;
2. Қаңырап бос қалған нысандарды қайта жаңғырту;
3. Қолданыстағы өндіріс орындарын кеңейту.
Сонымен қатар бұл аймақтар өтінім берушінің иелігіндегі немесе жалға алған жер телімдерінде, арнайы экономикалық аймақтарда, индустриялық аймақтарда да құрылуы мүмкін. Ең бастысы – мемлекет тарапынан қолдау бар. Мәселен, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріліп, өндірістік нысандарды жалға алу шарттары барынша тиімді ұсынылады. Бұл өз кезегінде іс бастаймын деген жандарға үлкен көмек. Шығыс Қазақстанда осы көмекті лайықты деңгейде ұсыну “Ертіс” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншісінде.
Шағын өнеркәсіптік аймақтар – жай ғана өндіріс орны емес, бұл – елдің әлеуметтік және экономикалық келешегіне бағытталған нақты инвестиция. Бір қарағанда, бұл бастама кәсіпкерлерге ғана керек секілді көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде, ол әр отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Себебі жаңа жұмыс орындары ашылады, ауыл мен қала тұрғындары тұрақты табысқа қол жеткізеді, жастар өз елінде еңбек етуге ынталы болады.
Импортқа тәуелді болу – кез келген мемлекеттің әлсіз тұсы. Сондықтан да бүгінгі таңда отандық өнім көлемін арттыру, өзімізде өндіріс ошақтарын дамыту – стратегиялық маңызды міндет. Шағын өнеркәсіптік аймақтар осы жолдағы тиімді құрал.
Мемлекет жасап отырған бұл жан-жақты қолдау – тек заңмен бекітілген қағидалар жиынтығы ғана емес, бұл – сенімнің, ынталандырудың, болашаққа бағыттаудың көрінісі. Ендеше кәсіп бастаймын деген азаматқа бүгін мүмкіндік мол. Инфрақұрылым дайын, ережелер нақтыланған, қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Ең бастысы – ерінбей еңбек ету қажет.
Қазіргідей жаһандық дағдарыс жағдайында әр мемлекет өз ішінде бәсекеге қабілетті өндіріс ошақтарын дамытпайынша, сыртқы нарықта берік орын таба алмайды. Сондықтан еліміздегі шағын өнеркәсіптік аймақтар – тек экономикалық қажеттілік емес, бұл – ұлттық мүддені қорғаудың айқын жолы.