Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру мүмкіндігін қарастыруда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне азық–түлік тобының қарақұмық, күріш, макарон, қант, ас тұзы, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы сияқты т.б. барлығы 19 түрлі тауарлар кіреді. Шығыс Қазақстанда солардың бірқатарына баға тұрақтандырылып келеді.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:
1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;
3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;
5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;
7) мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару жөніндегі міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етудің болуы. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету: кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдігі/кепілгерлігі түрінде беріледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.
Кәсіпкерлер де, азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілер де (дистрибьюторлар) қатыса алады.
Мүдделілік жағдайында кәсіпкерлік субъектісі «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға сұратылған қарыз сомасы және өнім бірлігінің құны туралы ұсыныс жіберуі қажет. Қарыз сомасы мен өнім бірлігі құнының оңтайлы үйлесімі негізінде Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындау туралы шешім қабылдайды.
Ұсыныстар 2024 жылдың 5 желтоқсанына дейін қабылданады.
Қосымша ақпаратты 8 (7232) 700-104 телефон номері арқылы алуға болады.