«Ертіс» ӘКК» АҚ халықаралық деңгейде мойындалған ISO 37001 стандартын енгізудің алғашқы кезеңін бастады. Бұл стандарт Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) әзірлеген және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін құруға, корпоративтік басқарудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Ол комплаенс-бақылауға жоғары талаптар қояды және жауапкершілік тек басшылықта ғана емес, бүкіл ұйымға жүктелуі тиіс екенін көрсетеді.
«Ертіс» компаниясы бұл сертификатты алуға алғашқы қадам жасаған Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ұйымдардың бірі. Бұл әрекет компанияның халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуге және шетелдік инвесторлармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға дайын екенінің айғағы.
Сертификаттаудың бірінші кезеңін жүргізу үшін Корпорацияға Еуропалық Одақта аккредиттелген словак сертификациялық компаниясының өкілі Евгений Зазулин келді. Ол стандартты енгізуге кешенді түрде қараудың маңыздылығын атап өтті:
«Сіздер бұл стандартты мақсатты түрде енгізіп жатқандықтан, әлем бойынша тек басшы ғана емес, ұйым тұтастай жауап беруі керек деген үрдіс бар екенін білесіздер. Барлығы жүйенің қалай құрылып, қалай жұмыс істейтініне байланысты. Сіздердің келесі қадамдарыңыз – халықаралық деңгейде мойындалған сертификатты алу. Бұл сертификат екі есе жауапкершілік жүктейді, себебі оны тек алу ғана емес, талаптарға сәйкес келмеген жағдайда қайтарып алу да мүмкін», — деп атап өтті ол.
Сертификаттаудың бірінші кезеңінде ӘКК құжаттары мен ішкі процестері талданып, Корпорацияның комплаенс-офицерімен тығыз жұмыс жүргізіледі. Егер проблемалық аймақтар анықталса, компания оларды түзетуге мүмкіндік алады. Екінші кезеңде сарапшылар қызметкерлермен сұхбат жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің нақты жұмыс істеуін бағалайды.
Аудитордың айтуынша, жүйені енгізу сәтті жүзеге асып, сертификат алған жағдайда Корпорация өз қызметінің стандартқа сәйкестігін растау үшін жыл сайын бақылау аудитінен өтетін болады.
Комплаенс-бақылау жүйесі кәсіпорынның барлық қызметін қамтуы тиіс. ISO 37001 сертификатын алу серіктестердің сенімін нығайту және корпоративтік басқарудың үздік халықаралық тәжірибелерін енгізу жолындағы маңызды қадам болмақ.