«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы І-категориядағы тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру механизмін іске қосуға бастама жасады. Ағымдағы нарықтық жағдайды зерделей отыра, ӘКК ұсынып отырған шаралар мен баға тұрақтандыру тәсілдерін іске қосуға келісім алу үшін құзырлы органдарға арнайы хат жолдады.
Бүгінгі таңда, облысқа орта есеппен айына 5 млн-дай жұмыртқа әкелінеді, сәйкесінше, жылына – 60 млн. дана. Ал шығысқазақстандықтардың жылдың сұранысы 194 млн. жұмыртқа. Еске сала кетсек, бұрын облыста Черемшанка құс фабрикасы істеп тұрған, ол ішкі сұранысты толық қанағаттандырып отырды. Алайда, 2011 жылы бұл фабрика банкрот деп танылды. Қазір өңірімізге жұмыртқа жеткізумен жақын аймақтардың дистрибьюторлары айналысуда, олар – Талдықорған қ., Павлодар обл., СҚО, РФ Алтай аймағы.
Жалпы, тауық жұмыртқасын сақтау және тасымалдау арнайы жағдайды талап ететін іс, өйткені, ол тез бұзылатын азық-түлік тауары болып саналады. Осыны ескере келе және «Ертіс» корпорациясының бұл мақсаттағы өзіндік активтерінің болмауы себебінен, бағаны тұрақтандыруды кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Жақын аймақтардағы құс фабрикалары мен ірі дистрибьюторларға бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі туралы ұсыныстар жолданды.
Сату операторларының айтуынша, бүгінгі таңда кей жерлерде қымбаттау фактілері орын алса да ол тым уақытша екені байқалуда. Әр маусымда өзіндік баға «секірістері» болатыны белгілі. Сол уақытша толқындарды ескере отырып, таяп қалған қысқы мейрамдар себебінен болатын жоғары сұраныс кезінде бағаны тұрақтандыру үшін «Ертіс» ӘКК» АҚ өнімнің шекті мөлшеріне 1 200 000 деп алып, апта сайын 92,3 мың данамен қамтып, үш ай бойы тұрақтандыру механизмін қарастыруды ұсынады. Бұл көрсеткіш Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған үш айлық тұтынудың 30 пайызын құрайды. Баға тұрақтандыруда қысқамерзімді тәсілдерді пайдалану тұрғындар тарапынан сұраныстың өсу-төмендеу қарқынын көрсетеді. Нәтижесінде, бағаны тұрақтандыру бағдарламасына қосымша қаржыландыру бөлінген жағдайда өнімнің шекті мөлшерін көбейту мәселесі қозғалатын болады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша ШҚО комиссиясы» тарапынан І-категориядағы тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру механизмдері туралы шешім қабылданбаған. Яғни, биылғы тұрақтандырылатын азық-түліктер тізімінде жұмыртқа жоқ. Десек те, ағымдық жағдайды ескере отырып, ӘКК тұрақтандыру механизмдерін Комиссия отырысаның талқылауына ұсынбақ. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл бағыттағы ӘКК ұсыныстарын қолдайтынын білдірді.