6-тамыз күні Шығыс Қазақстанға еліміздің Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты – ауылды жерлерде халықтың әл-ауқатын жақсартуғабағытталған«Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижелерін бағамдап, түкпір-түкпірдегі шынайы мұқтаж ауылдықтарға дөп тиетін нысаналы көмек берудің түрлі жолдарын қарастыру. Кеңесші алдымен «Ауыл аманаты»аясында ашылған және шаруашылықтарын кеңейткен нысандарды аралап шықты.
Бағдарламаның Шығыс Қазақстандағы жеңісі мен жемісі –27 ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайтылған. Яғни, әл-ауқат көтеріліп, бірқатар ауылдықтар аз қамтылғандар қатарынан шығарылған. Сондай-ақ,жоба аясында 24 ауылда жұмыссыздық жойылып отыр. Ералы Лұқпанұлы «30 жылдың ішінде ауылда жұмыссыздықты нақты жойдық деген ең үлкен жетістіктердің бірі» деп тоқталды.
Нысандарды аралап болған соң, облыстық әкімдік қабырғасында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев пен Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов ауыл-аудан әкімдерінің онлайн-оффлайн қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді. Онда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда ведомствоаралық байланыстың тығыз болуының өзектілігі айтылды. «Ауыл аманаты» ауылға бағытталған бағдарлама екен деп өзге құзырлы органдар ысырып қойып қарап отырмауы керектігі айтылды. Мәселен, бағдарлама аясында өтінім беруші жоба жасап несие алуға өткізбес бұрын, ауыл әкімінің стратегиялық жоспары болуы шарт. Сонымен қатар, аудан мен облыстың экономика бөлімдері мен басқармасы сараптау мен талдау нәтижесінде ауылдың нақты қажеттілігін, сұраныс пен ұсыныстың қандай болу керектігін, жоба жүзеге асқан соң оның өнімін тұтынушылар кімдер болатынын, өнім қайда сатылатына дейін ескеріп, деректер топтастыруы керек.
ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
«Ауыл аманаты» деген ауылды сақтап қалуға,ауылдықтардың жағдайын жақсартуға бағытталған үлкен жоба. Олардың шығаратын өнімдері сол жергілікті халықтың тұтынуына тікелей байланысты. 65 түрлі азық-түлік түрі бар болса, соның нешеуі бізде шығарылады, нешеуі сырттан әкелінеді? Сырттан әкелініп жатқан азық-түлік дегеніміз елден кетіп жатқан қаражат қой!? Сондықтан, шамамыз келгенше сол өнімдерді өзімізде шығару керекпіз».
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасын қолға алғандағы түпкі мақсат:
1) Ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту
2) Ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешу.
Одан ары, халықтың жағдайын жақсарта отырып, отандық өніммен өз нарығымызды қамтамасыз етуге жетелеу де көзделеді.
Ералы Тоғжанов Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыға ұсыну тұрғысынан ерекше атап өткен үлкен жобалардың бірі – «Алтай» көтерме-тарату орталығы. Ералы Лұқпанұлының айтуынша, ауылда шығарылатын өнімдердің барлығын осы КТО арқылы өткізуге болады. Тіпті ірі компанияларға осы жерден тазалап, қораптап жеткізуге болады. Шығыс Қазақстанда өнеркәсіп салсының алып кәсіпорындары орналасқандығы мәлім. Мәселен, бір ғана зауытта 19 мың адам жұмыс істесе, олар 3 мезгіл тамақтанады. Тағамның көбі сырттан әкелініп жатыр. Неге оның барлығынжергілікті өнімдермен қамтамасыз етпеске?! Осы сұрақты қойған Е.Тоғжанов өндіруші, жеткізуші және тұтынушы арасында жүйелі қарым-қатынас орнатып, тараптарға тиімді механизмдерді іске асыру керектігін тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ермек Көшербаевтың сатып алынатын әр үйдің ас үйіндегі азық-түлік өнімдері барынша жергілікті өнім болғаны дұрыс деген нұсқауын Кеңесші жоғары бағалады. Десе де, нақты «Ауыл аманатын» сәтті де табысты жүзеге асыруда орасан зор жауапкершілік, салмақ пен бастамашылдық ауыл әкімдеріне түсетінін Е.Тоғжанов қадап айтты.
ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
«Ең үлкен сұрақтардың бірі – әр ауылға ақшаны жеткізу, соған байланысты нақты жобалар жасалу керек. Әрбір ауыл әлеуметтік-экономикалық жоспар жасауы керек. Соның аясындағы жобаларға қажетті ақшаның көлемі анықталу керек. Әрбір ауыл әкімі 1 жыл бойы ауыл тұрғындарына қанша өнім қажеттігін анықтап, оның ішінде ауыл қандай өнімдермен өз-өзін қамтамасыз ете алатынын білу керек».
Іс-сапар аясында Ералы Тоғжанов жергілікті ірі компаниялардың өкілдерімен де кездесті. Талқылау барысында бірқатар тың ұсыныстар да болды. Мәселен, 100 ауылға 100 ірі қара беру туралы айтылды. Кеңесшінің айтуынша Қазақстан бойцынша жүріп жатқан «Тауарлық несие» жобасы шеңберінде бұл бастамалар толық құпталады.Қазір оны халыққа жеткізу жағы жобалануда.
– Түбі, жеме-жемге келгенде, біз бірнеше нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек:1) Жұмыссыздықты жою
2) Адрестік әлеуметтік көмек алатындар санын түсіру
3) Ауылдағы адамдардың табыс көлемін арттыру
Оның барлығы халықтың ауылда тұрақтап қалуына тікелей себеп болады. Ауылдан адамдардың кетіп жатқаны жасырын емес. Есте сақтайық, қаланың жағдайын жақсарту үшін ауылдың жағдайы түзелуі тиіс! – деп қорытындылады ҚР ПМ кеңесшісі Ералы Тоғжанов.
Айта кетсек, 2023 жылы «Ертіс» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ сенімді өкіл ретінде танылып, «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру барысында, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға ШҚО бойынша жалпы сомасы 1 млрд. 535 млн.теңгенің213 шағын несиесі берілді. Нәтижесінде 12ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері жалпы сомасы 309,6 млн.теңге жеңілдікті несиесін алды. Сондай-ақ, қаражат алған жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтар саны - 201, оларға берілген несиенің жалпы сомасы – 1 млрд. 225,5 млн.теңге.
Бүгінгі таңда Бағдарлама аясында аймақ бойынша 235 жұмыс орны құрылып отыр. Биыл Шығыс өңіріне аталмыш бағдарлама аясында 5 млрд-тан астам қаражат бөлінеді деп күтілуде. «Ауыл Аманаты» бағдарламасын 2024 жылы жүзеге асыру барысында аудандардың, ауылдық округтердің мамандануы мен ШҚО азық-түлік қауіпсіздігін қаматамасыз ету бағыттарына басымдылықберілмек.Арнайыскрининг көрсеткендей, облыс көлемінде 2024 жылға жобалар бойынша несиеге деген қажеттілік 5 631,2 млн. теңгені құрады.Биыл 1 000 жобаны жүзеге асыра отырып, 1 059 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Несиелеудің негізгі салалары:
- Мал шаруашылығын дамытуға (ірі қара және жылқы сатып алуға, қой және құс шаруашылығын дамытуға) – 182 жоба 1 224,3 млрд.теңге (79%);
- Өсімдік шаруашылығын дамытуға, жылыжай кешені мен тұқым шаруашылығын дамытуға - 3 жоба 25,4 млн.теңге (1%);
- Ара шаруашылығын дамытуға - 7 жоба 52,7 млн.теңге (3%);
- Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға – 4 жоба 67,6 млн.теңге (4,5%);
- Ауыл шаруашылығы емес қызметтің басқа түрлеріне (қонақ үй салу және туризмді дамыту үшін жабдықтар, құрылыс материалдары мен жиһаз сатып алу, ауыл шаруашылығы кооперативі саласындағы тауарларды өндіру) - 17 жоба 165,1 млн.теңге несие берілді (12,5%).
Анықтама (аудандар бойынша берілген несие мөлшері):
- Глубокое ауданы бойынша-12 жоба 139,95 млн.теңге сомасында;
- Зайсан ауданы бойынша-32 жоба 176,43 млн.теңге сомасында;
- Катон-Қарағай ауданы бойынша-46 жоба 355,5 млн.теңге сомасында;
- Самар ауданы бойынша-11 жоба 89,3 млн.теңге сомасында;
- Күршім ауданы бойынша-32 жоба 222,4 млн.теңге сомасында;
- Алтай ауданы бойынша-5 жоба 30,03 млн.теңге сомасында;
- Тарбағатай ауданы бойынша-48 жоба 322,75 млн.теңге сомасында;
- Ұлан ауданы бойынша-20 жоба 153,43 млн.теңге сомасында;
- Шемонаиха ауданы бойынша-7 жоба 45,32 млн.теңге сомасында.
«Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз-қызметі