Басты бет / Жаңалықтар / Тамара Дүйсенова: “Ауыл аманатының” ел шығысындағы даму үрдісі жақсы
Новости и статьи 21 қараша, 2024

Тамара Дүйсенова: “Ауыл аманатының” ел шығысындағы даму үрдісі жақсы

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова іссапармен келіп, Шығыс Қазақстан облысында "Ауыл аманаты" бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты. «Алтай» көтерме-тарату орталығында бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлер өнімінің көрмесі ұйымдастырылды.

Этнотуризмді ұлттық нақышта дамытуға арналған жабдықтарды сатып алу үшін 21 030 000 теңге көлемінде несие алған "Хуан Харшыға" жеке кәсіпкерлігінің бастамасы Тамара Дүйсенованың жоғары бағасына ие болды. Кәсіпкер ұлттық нақыштағы күміспен көмкерілген белбеу мен қамшы жасаса, оның жары сырмақ басумен айналысады.

Қай елге барсаңыз да, олар өз ұлттық құндылықтарымен қарсы алады. Біз де қазақтың қолмен басылған сырмақтары арқылы өз мәдениетімізді таныта аламыз. Бұл – керемет құндылық. Ұлттық қолөнер туындыларының қолданысын кеңейтіп, оларды туризмнің өзегіне айналдыру қажет. Шетелден келген туристер Қазақстанның осындай ерекше бір бөлшегін өзімен бірге алып кетуі керек, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ұлан ауданындағы кәсіпкерлер этнотуризмді дамыту мақсатында Бозанбай ауылының маңында Этноауыл жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ауылдың маңында киіз үйлер тігіліп, туристер таза ауада демалып, қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көре алады. Сол арқылы олар атқа міну, түйе байлап шұбат сауу, биені байлап қымыз жасау, бүркіт ұшыру секілді қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен танысады.

Этноауылда ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары да сатылымға шығарылады, бұл жергілікті қолөнерді дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор мүмкіндік береді.