Серебрянск қаласында орналасқан «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС Шығыс Қазақстанның келешегі зор өнеркәсіп нысандарының бірі бола алады. Аталмыш зауыт "Su Bereke" атты маркамен әмбебап жаңбырлатқыш машиналарды өндіруде. Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталған кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Өңір басшысына Серебрянскідегі «Su Bereke» машиналары зауытының өндірістік процесі таныстырылды. Кәсіпорында ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға арналған жаңбырлатқыш машиналар шығарылады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 1000 бірлік техниканы құрауы мүмкін, ал өнімдерін тек Қазақстан нарығына шығарумен шектелмей, шетелге де экспорттау көзделуде.
-Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығының зор әлеуетіне ие. Біз үшін жергілікті ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді қолдау аса маңызды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді әрі импортқа тәуелділікті азайтады, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кету керек, мұндай өндіріс орындары өңір экономикасын әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі болып табылады.