Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы, Полянск ауылында салынып жатқан «Мойылды Байқоңыр» сүт-тауарлы фермасындағы жұмыстар барысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов танысып қайтты. Жоба аясында бұл кешен өңірдің ең ірі агроөнеркәсіптік өндірістерінің біріне айналады деп күтілуде.
Аталмыш ферма 1075 бас сауын сиырға есептелген және тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы. Бұл өнім көлемі Шығыс Қазақстанның азық-түлік өнеркәсібіне айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен қатар, жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Әкімге жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері мен қолданылатын технологиялар таныстырылды. Ферма басшылығы кешеннің заманауи мал шаруашылығы стандарттарына сәйкес салынатынын атап өтті. Онда сүт сауудың автоматтандырылған жүйелері мен өнім сапасын бақылау технологиялары қарастырылған.
- Мұндай жобалар жергілікті өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет ауыл шаруашылығын одан әрі қолдап, инновациялық технологияларды енгізуді және саланың тиімділігін арттыруды ынталандыруды жалғастырады, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Биылдың өзінде ферма іске қосылып, оның өнімдері Шығыс Қазақстан облысының нарығына жеткізіле бастайды деп күтілуде.