Басты бет / Жаңалықтар / ШҚО: Төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тиімділігін арттыратын маңызды ұсыныстар талқыланды
Новости и статьи 24 наурыз, 2025

ШҚО: Төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тиімділігін арттыратын маңызды ұсыныстар талқыланды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергеновтың қатысуымен маңызды кеңес  өтті. Жиынды өткізген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов кездесуге келген тараптармен бірге бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. 


Құзырлы тараптардың бұл кездесуі ҚР ТЖМ делегациясының өңірге жұмыс сапары аясында өткізіліп, оған ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті, ТЖМ-нің тылдық қамтамасыз ету департаменті, Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті, облыстық басқармалар, Өскемен қаласының әкімдігі, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ, облыстық авиация бөлімшесі мен Өскемен әуежайының басшылығы қатысты.

Кеңесте талқыланған мәселелер Шығыс Қазақстан облысының тұрақты дамуы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Азаматтық авиацияны төтенше жағдайлар кезінде құтқару жұмыстарына пайдалану, заманауи өрт сөндіру деполарын салу және төтенше жағдайларға ден қою мақсатында мемлекеттік материалдық резерв жүйесін тиімді қалыптастыру мәселелеріне негізгі назар аударылды.

Аталған бағыттар өңірдің географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, төтенше жағдайларға жедел және тиімді әрекет ету қабілетін арттыруда шешуші рөл атқармақ. Табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлердің өзектілігі әрі ықтималдығы бұл мәселелерді уақтылы қарастыруды талап етеді.

Өңірдің дамуына жауапты институттардың бірі ретінде «Ертіс» ӘКК аталған салаларға инвестиция тарту тетіктерін әзірлеуге белсенді атсалысуға дайын. Материалдық-техникалық базаны нығайту және қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту – тұрақты экономикалық өсімнің, халықтың қорғалу деңгейін арттырудың және инвестициялық ахуалды жақсартудың негізі болып табылатыны сөзсіз.

Кеңес қорытындысы бойынша бейінді басқармалар мен құрылымдарға берілген тапсырмалар жүйелі жұмыстың алғышарттарын айқындады. Бұл бағытта «Ертіс» ӘКК Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы әлеуметтік маңызы бар және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда сенімді әріптес ретінде белсенді түрде қатысуға әзір екендігін білдірді.