Басты бет / Жаңалықтар / ШҚО мен Иран: Агроинвестиция мен әуе қатынасын дамытудағы жаңа көкжиектер
Новости и статьи 12 мамыр, 2025

ШҚО мен Иран: Агроинвестиция мен әуе қатынасын дамытудағы жаңа көкжиектер

Шығыс Қазақстан мен Иран арасындағы іскерлік қарым-қатынас жаңа сапалық деңгейге шықты. Осы көктемде Тегеранда екіжақты әріптестіктің берік іргетасы қаланған болатын. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Иранның «Ет және ақуыз өнімдері өнеркәсібі қауымдастығымен», сондай-ақ «Solico Kalleh» ірі компаниясымен өзара түсіністік жөніндегі маңызды екі меморандумға қол қойған болатын. Арада көп уақыт өтпей, Иранның кәсіпкерлік делегациясы Шығыс Қазақстанға арнайы сапармен келді. 

Өскемен шаһарында делегацияны Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар қабылдады. Бұл кездесу – биылғы ақпанда Тегеранда басталған сауда-экономикалық диалогтың жалғасы ғана емес, ауыл шаруашылығы мен көлік логистикасы бағытында нақты қадамдарға бастар маңызды басқосу болды.

Делегацияның бұл сапардағы негізгі мақсаты – көктемде бекітілген келісімдер негізінде нақты жобаларды талқылау, іске асыру жолдарын пысықтау болды.

Келісілген төрт негізгі бағыттың ішіндегі ең ауқымдысы – мал шаруашылығы және ет өнімдерін өндіру. Екі тарап тірі мал мен еттің жеткізілім тізбегін құру, халықаралық стандарттарға сай заманауи қасапханалар салу, жарамды ет-сүйек өнімдерін экспорттау, сондай-ақ тасымалдауға арналған логистикалық жүйелерді енгізу мәселелерін ортаға салды. Әсіресе малдың әл-ауқаты мен тасымал кезінде стандарттардың сақталуына ерекше мән берілді.

Жеке блок ретінде – мал шаруашылығына арналған жер телімдерін бөлу, асыл тұқымдандыру, азықтандыру және ветеринария саласына заманауи технологияларды енгізу, ғылыми-техникалық ықпалдастық арқылы өндірістік шығындарды азайтып, өнімділікті арттыру жайы сөз болды.

Тараптар кәсіби кадрлар даярлау мен тәжірибе алмасудың маңызын бірдей атап өтті. Алдағы уақытта етті өндіру, өңдеу, маркетинг бағыттарында біліктілікті арттыру курстары, бірлескен ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылмақ. Инновацияларды сынақтан өткізу үшін Шығыс Қазақстан инфрақұрылымдық әлеуетін ұсынуға әзір екенін білдірді.

Ынтымақтастықтың үшінші тетігі – бақылау және басқару жүйесі. Меморандумдарда көрсетілген тармақтардың орындалуын жүйелі түрде бақылап отыру үшін екіжақты үйлестіруші комитет құрылады. Ол мемлекеттік органдарға тұрақты есеп беріп, жолда туындауы мүмкін кедергілерді уақтылы шешіп отыруға жауапты болады.

Ал төртінші бағыт – Қазақстан тарапынан көрсетілетін қолдау. Орталық және өңірлік құрылымдар шетелдік әріптестерге жан-жақты жағдай жасауға әзір: жер телімдерін ұсыну, инфрақұрылым тарту, мемлекеттік қолдау шаралары мен рұқсатнамалық процестерде сүйемелдеу, сондай-ақ жаңа технологиялар мен білім трансферін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Бұл әріптестік Шығыс Қазақстан үшін тек тікелей инвестиция тарту ғана емес, ет экспортында халықаралық нарықтарға шығу, жоғары технологиялы қайта өңдеуді дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі. Иран үшін – су тапшылығы мен жер ресурстары шектеулі жағдайда, климаттық тұрақтылық пен мал шаруашылығында әлеуеті зор өңірмен байланыс – ішкі нарықты сыртқы өндіріс арқылы тұрақтандырудың нақты жолы.

Алдағы уақытта Алтай мен Парсы шығанағы арасындағы агроэкономикалық дәліз жаңа келісімшарттармен кеңейіп, өзара тиімді ықпалдастықты тереңдете түсетіні анық.

Қой етін Иранға экспорттау, ұсақ мал басын көбейту және өңірге ирандық инвестиция тарту сынды өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Иран ет өнеркәсібі қауымдастығының құрылтайшысы Масуд Расулидің айтуынша, Иран тарапы елімізде мал өсіріп, сойып, өнімін өз елдеріне тасымалдауға ниетті. Бұл үшін тиімді жағдай жасалып, арнайы инфрақұрылым әзірленсе, Өскемен өз кезегінде Парсы шығанағына тікелей ет жөнелтетін орталыққа айналуы ғажап емес.

– Бізге Қазақстаннан келетін қой еті сапасы жағынан да, көлемі жағынан да өте тиімді. Сондықтан логистиканы оңтайландыру – басты шарт. Егер әуе қатынасы ашылса, өнімді уақыт жоғалтпай тасымалдауға мүмкіндік туады. Бұл – әрі туризмге де серпін, – деді делегация жетекшісі, «Yazd Airways» компаниясының Директорлар кеңесі төрағасы Мохсен Эсмаили.

Сапар барысында екі ел арасындағы тікелей жолаушы және жүк әуе рейсін ашу мүмкіндіктері де сөз болды. Тараптар бұл бағытта Өскемен әуежайының басшылығымен келісімге келуге әзір екендіктерін жеткізді.

Жақсылық Омар өз кезегінде ирандық кәсіпкерлердің назарын тек қой шаруашылығына емес, өңірде бау-бақша өнімдерін өсіру, дәрілік өсімдіктерді жинау мен өңдеу ісіне де аударып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болатынын атап өтті. Бұл ұсыныстарды ирандық делегаттар құптай қабыл алды.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту, сауда, туризм және бірлескен өндіріс салаларында байланыстарды кеңейту жөніндегі ұсыныстарды қолдап, алдағы нақты жобаларға ниет білдірді.

Айта кетейік, Иран делегациясы 15 мамырға дейін Шығыс Қазақстанда болады. Осы уақыт аралығында олар жергілікті кәсіпкерлермен b2b форматында кездесулер өткізіп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін сараламақ.