Басты бет / Жаңалықтар / ШҚО мен Пәкістан: ет және тоқыма өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық көкжиектері талқыланды
Новости и статьи 10 маусым, 2025

ШҚО мен Пәкістан: ет және тоқыма өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық көкжиектері талқыланды

Бүгін Өскемен қаласында «Еrtis» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшылығы мен Пәкістан Ислам Республикасының іскерлік топтары өкілдері арасында ресми кездесу өтті. Тараптар ет және тоқыма өнеркәсібі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Пәкістан делегациясы Шығыс Қазақстан аумағында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше қызығушылық танытты. Пәкістан бизнес қауымдастығының президенті Сарфараз Хуссаиннің айтуынша, Өскемен қаласы мен өңір экспортқа бағытталған жоғары технологиялы өндірісті орналастыруға қолайлы әлеуетке ие.

– Бұл қалада табысты бизнес құруға үлкен мүмкіндік бар. Біз «Ertis» корпорациясымен бірлесе отырып, ет өндіру саласында жұмыс істеуге ниеттіміз. Пәкістанда еттің ерекше дәмі арнайы бордақылау технологиясының арқасында қалыптасады. Бүгінде біз экспортқа бағытталған ет өңдеу кәсіпорнын ашуға инвестиция салуға дайынбыз және сол тың технологияны Қазақстанға әкелмекпіз. Қазірдің өзінде нақты ұсынып отырған контракт аясында жылына 12 мың тонна өнімге сұраныс бар. Болашақта өндіріс ашып жатсақ жылдық өндіру қуаттылығын ұлғайту көзделеді, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, пәкістандық тарап жеңіл өнеркәсіп саласына — тоқыма, киім, арнайы жұмыс киімі және өндірістік салаларға арналған киім компоненттерін шығару бағыттарына да инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеді. Инвесторлар кластерлік тәсілді ұсынып отыр: етті қайта өңдеу – мал терісін өңдеу – одан киім мен спорттық бұйымдар (соның ішінде әлемдік нарыққа арналған ең сапалы былғары доптар) өндіру. Жаңа кәсіпорындарда жұмыс орындарының 80 пайызы жергілікті тұрғындарға, ал 20 пайызы – шетелдік мамандарға арналмақ.

Келіссөз барысында өндірісті жергіліктендіру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Барлық шығарылатын өнім «Made in KZ» белгісімен таңбаланбақ. Бұл экспорттық әлеуетті арттырумен қатар, ішкі нарықта өнімді тиімді өткізуге жол ашады.

Өз кезегінде «Ertis» ӘКК Басқарма төрағасы Әбіл Донбаев өңір экономикасының  дамуына оң әсер ететін жобаларды корпорация әрдайым қолдауға дайын екенін білдірді.

– Аймақтың даму институты ретінде біз инвестициялық жобаларға ашықпыз. Өз тарапымыздан бизнесті орналастыру үшін алаң ұсынуға, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, индустриялық аймақтарды ұсынуға, бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыруға және жобаларға консалтингтік қолдау көрсетуге дайынбыз. Дегенмен, шетелдік инвесторлардың өз елдерінен тыс жерге қаржы бағыттауына қандай да бір шектеу бар-жоғын түсініп алуымыз қажет. Корпорация ISO 37001 стандарты аясында қызмет етеді, халықаралық сертификатқа ие. Бұл — компания қызметінің ашық әрі түсінікті екенін айғақтайды, – деді Әбіл Бекетұлы. – Тоқыма өндірісі бойынша Серебрянск қаласындағы шағын өнеркәсіптік аймақты қарастыруды ұсынамын. Онда қажетті инфрақұрылым, өндірістік нысандар мен жабдықтар бар. Бұл алаң тоқыма өндірісін іске қосуға өте қолайлы бастапқы орын бола алады, – деп толықтырды ол.

Сонымен қатар, корпорация басшылығы ет өндіру бағытында бордақылау алаңдары мен мал сою цехтарын, яғни қасапханаларды санитарлық және экспорттық талаптарға сай етіп ұйымдастыру үшін заманауи тәсілдер қажет екенін атап өтті.

Кездесуде қос тарапқа да тиімді, өзара ынтымақтастыққа негіз бола алатын кәсіп көздері бары расталды. Пәкістандық делегация Серебрянскідегі өнеркәсіптік аймақпен танысқаннан кейін келіссөздердің келесі кезеңіне өтуге дайын екендерін білдірді.