Басты бет / Жаңалықтар / Пәкістан делегациясы Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен танысты
Новости и статьи 11 маусым, 2025

Пәкістан делегациясы Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен танысты

Апта басында Өскемен қаласында Ислам Республикасы Пәкістанның бизнес-қауымдастық өкілдері мен «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшылығы арасында жұмыс кездесуі өтті. Бұған дейін хабарланғандай, тараптар Шығыс Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылаған болатын. Алтай ауданына жасалған сапар осы уағдаластықтардың жалғасы ретінде өтіп, нақты ықпалдастық бағыттары айқындалды.

Пәкістан тарапы ет өңдеу өнеркәсібі мен тоқыма өндірісін дамытуға қызығушылық танытып отырғанын бұған дейін де мәлімдеген болатын. «Ертіс» ӘКК» АҚ өкілдерінің айтуынша, егер Made in KZ брендімен экспортқа бағытталған өндіріс орындары іске қосылатын болса, өңірлік даму институты ретінде корпорация жобаларды сүйемелдеуге және жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Тоқыма өндірісін орналастыру үшін ықтимал алаң ретінде Серебрянск қаласындағы бұрынғы “СЗНП” зауытының базасында орналасқан шағын өнеркәсіптік аймақты қарастыру ұсынылды. Мұнда тоқыма өндірісіне қажетті жабдықтар сақталған, сондай-ақ толық инженерлік инфрақұрылым жұмыс істейді. Географиялық тұрғыдан ыңғайлы орналасуы, өндірістік алаңдардың және кірме жолдардың болуы тоқыма кластерін дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Серебрянск қаласына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Пәкістан бизнес-қауымдастығының президенті Сарфараз Хуссаин өз әсерімен бөлісті:

– Біз «Ертіс» корпорациясы өкілдерінің ықпалдасуымен Алтай ауданына барып, дайын зауыт аумағын көрдік. Ғимарат ескі болғанымен, сапалы салынған әрі инженерлік жағынан жақсы ойластырылған. Барлық базалық инфрақұрылымның – электр жарығының, интернеттің, кірме жолдардың, оның ішінде теміржол тұйығының болуы – логистикалық тұрғыдан өте ыңғайлы. Табиғат көркем, ауа таза, тыныш аумақ, тау баурайы – бұл тек өндірісті дамытуға ғана емес, тұруға да қолайлы жер екен. Жергілікті тұрғындар бар, жұмысшы тартуға да әлеует жеткілікті. Біз бұл жерге мұндай өндіріс түрінің ерекшеліктерін жақсы білетін тәжірибелі кәсіпкерлерді тартуды көздейміз, – деді ол.

Ет өңдеу саласына келсек, «Ертіс» ӘКК» АҚ өкілдері бұл бағытта жобаны тиімді іске асыру үшін фидлот-алаңдар мен ет өңдеу кешендерінің орналасуына заманауи тәсіл қолдану, логистикалық және санитарлық-ветеринарлық талаптарды ескеру қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда бұл бағытта келіссөздер жалғасуда.

Корпорация басшылығы шетелдік инвестицияларды өңірге тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Тараптар өзара тиімді әрі нәтижелі ынтымақтастықты ары қарай да тереңдетуге мүдделі екендіктерін білдірді.