Шығыс Қазақстанда ауылдың әлеуетін айғақтайтын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы тағы да көпшіліктің назарын өзіне аударды. Өскеменде өткен көрмеге облыстың қалалары мен аудандарынан 37-ден астам кәсіпкер өз ауылдарының төл өнімдерін әкеліп, жұртшылыққа ұсынды.
– Шығыс Қазақстан өңірі елге ауыл шаруашылығы өнімдерімен, табиғат көркімен және қолөнер шеберлерімен белгілі. Жыл сайын көрмеге жаңа өнімдер қосылып отырады. Биылғы жылы көрмеде бал өнімдері, шөптен жасалған емдік шайлар, киізден жасалған бұйымдар, құрт, қымыз, шұжық, эфир майлары, түрлі кәдесыйлар және өзге де ауылдың берекелі өнімдері ұсынылды, – деді ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Айта кетерлігі, арнайы құрылған бренд комитеті алдағы күндері үздік он жобаны анықтайды. 20 адамнан тұратын комиссияға кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар өкілдері және журналистер енген. Комиссия өнімдердің нарықтағы мүмкіндігін бағалап, ең үздік қатысушыларды таңдап береді.
Жеңімпаздарға облыстың кәсіпкерлер палатасы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі: маркетингтік сүйемелдеу, тауарлық белгі мен логотип әзірлеуге жәрдем, сауда желілерімен және халықаралық алаңдармен келіссөздер жүргізуге көмек беріледі. Бұл өнімдердің экспортқа шығуына жол ашпақ.
Сондай-ақ, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері 5 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға өтініш бере алады.
Көрме аясында өткен жәрмеңке қызу өтті. Келушілер ауылдың табиғи өнімдерінен дәм татып, өздеріне және жақындарына кәдесыйлар сатып алды. Кәсіпкерлер өз өнімдерін түгелге жуық сатып, риза көңілмен тарасты. Ал ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс хаттар табыстап, ауыл кәсіпкерлерін одан әрі қанаттандырды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – ауылдың шынайы байлығын танытатын, жергілікті кәсіптің брендке айналуына жол ашатын бастама ретінде биыл да өз үдесінен шықты.