Өскеменде дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік байқау-көрмесі мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы өтті. Биылғы шараға Шығыс Қазақстан облысының 90-ға жуық жетекші кәсіпорны өз өнімдерін алып шығып, халыққа таныстырды.
Аталған байқау-көрмені ұйымдастырушылар – Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жергілікті кәсіпорындарды қолдау, сапалы өнім өндіруге ынталандыру, отандық брендтердің танымалдығын арттыру және өндірістің дамуына серпін беру.
Дәстүрге сай көрме жәрмеңке форматында өтті. Келушілер үздік өндірушілердің өнімдерімен танысып қана қоймай, бірден сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде жаңа іскерлік байланыстар орнатып, әлеуетті серіктестермен келісімдер жасап, жаңа нарыққа шығуға жол ашты.
– Біздің кәсіпкерлердің арқасында Шығыс Қазақстан жыл сайын республикалық байқау кезеңінде абыроймен өнер көрсетіп келеді, – деді ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Оның айтуынша, биылғы көрменің ерекшелігі – «Қазақстанның үздік тауары» жобасы «Бір ауыл – бір өнім» бастамасымен және «Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасымен бірлесіп өткізіліп отыр. Бұл жергілікті өндірістің өркендеуіне қосымша қолдау болмақ.
Көрме аясында келушілерге арнап сыйлықтар ойнатылды. Жәрмеңкеге келгендер лотерея билеттері арқылы қатысушылардың өнімдерінен тұратын бағалы сыйлықтарға ие болды.
2025 жылғы өңірлік кезеңнің жеңімпаздары үш негізгі номинация бойынша анықталды:
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша:
1 орын – «SP Jet» ЖШС (пневмо және гидроцилиндрлерге арналған тығыздау элементтері, термопласт пен полиуретаннан жасалған арнайы бұйымдар, гидроцилиндрлер);
2 орын – «IZOTERM» Өндірістік-сатылым компаниясы ЖШС (минералды мақта өнімдері);
3 орын – «ПКФ Профиль» ЖШС (конвейерлік роликтер).
«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша:
1 орын – «Альянс-MEDICA» ЖШС (әртүрлі медициналық дәке, стерильді және стерильсіз бинттер);
2 орын – «Аль-прима» ЖШС (спорттық киімдер);
3 орын – ЖК Эльмира Есманбек (ұлттық киімдер).
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша:
1 орын – «Эмиль» ЖШС (сүт өнімдері);
2 орын – «Айтас МП» ЖШС (бройлер етінен жасалған пісірілген шұжық өнімдері – «Таңғы», «Шығыс», «Оригинальные»);
3 орын – «АС» ЖШС (балық өнімдері).
Өңірлік кезең жеңімпаздары енді республикалық деңгейде облыс намысын қорғайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жергілікті өндірушілердің жетістігі – олардың кәсіби шеберлігінің, сапаға деген ұмтылысының және өз ісіне деген адалдығының айқын дәлелі. Ал халық отандық өнімді таңдай отырып, жергілікті кәсіпорындарға сенім артып отырғанын тағы бір мәрте көрсетті.