Өскеменде автоклавты газбетон өндіретін заманауи кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған технологиялық өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді. Аталмыш нысан «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Ecoton-Shygys» ЖШС арасындағы бірлескен қызмет туралы келісім аясында жүзеге аспақ. Өндірістің басты ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі экономикалық табысты өнім шығару.
Зауыт жылына 120 мың текше метрге дейін автоклавты газбетон блоктарын өндіруге қауқарлы болмақ. Өнімдер әртүрлі көлем мен тығыздықтағы блоктардан тұрады, оларды заманауи, жылу үнемдейтін тұрғын үйлер мен ғимараттар салуда қолдану көзделіп отыр. Ең бастысы – өндірістің негізгі шикізаты ретінде жергілікті жылу электр станцияларының күл-қоқысы мен күл үйінділері пайдаланылатын болады. Бұл арқылы жыл сайын шамамен 30 мың тонна өнеркәсіптік қалдық қайта өңделіп, құрылыс материалына айналады. Сонымен қатар, өндіріс шығындары 10–15 пайызға дейін қысқарып, өнімнің бағасы да халыққа қолжетімді болмақ.
Жобаның жалпы құны – 4,04 млрд теңге. Соның ішінде 1,4 млрд теңгеге жуық қаражатты кәсіпорынды жаңғырту мен жабдықтауға «Ертiс» ӘКК» АҚ инвестиция ретінде салуда. Қалған бөлігі – жеке серіктестің жер телімі, өндірістік ғимараттар мен құрал-жабдықтары түріндегі өз үлесі. Тараптар арасындағы қатынас үлесі - 35 пайызы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация үлесі, 65 пайызы – инвестордың қаражаты. Жобаны толық іске қосу 2025–2026 жылдарға жоспарланып отыр.
Айта кету керек, кәсіпорын 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, орташа айлық жалақы 250–350 мың теңге көлемінде белгіленген. Сонымен қатар, логистика, сервистік қызметтер мен тасымал салаларында қосымша 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өңір колледждерімен бірлесе отырып, техникалық маман даярлау жұмыстары да басталмақ.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық мультипликативтік әсері де ауқымды. Шикізат, көлік және қызмет көрсетуге арналған жылдық тапсырыстар 650 млн теңгеден асады. Ал бюджетке түсетін салықтық төлемдер 165 млн теңгеге дейін артады деп күтілуде. Бұл қаражаттар денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.
Экологиялық тұрғыдан алғанда, жоба – «жасыл экономика» қағидаттарына толық сай келеді. Күл қалдықтарын өңдеу арқылы табиғи инертті материалдарға деген сұраныс азайып, көмірқышқыл газының атмосфераға таралуы жыл сайын 8–10 мың тоннаға қысқарады. Ал газбетон блоктан салынған үйлердің жылу үнемдеуі арқасында халықтың коммуналдық шығындары да айтарлықтай төмендеп, өңірлік энергия жүйесіне түсетін жүктеме де жеңілдемек.
Болашақта бұл кәсіпорын жыл сайын 800-ге дейін жеке тұрғын үй немесе 50-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Құрылыс шығыны 15–20 пайызға төмендеп, «Нұрлы жер» сияқты баспанамен қамту бағдарламаларының тиімді жүзеге асуына жол ашылады.
Жоба – мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың үйлесімді үлгісі. 2025 жылдың 26 маусымында бес жыл мерзімге жасалған әріптестік келісім – бұл Шығыс Қазақстандағы өнеркәсіптік жаңғырудың нақты көрінісі.