Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары: ұлттық прогрестің жаңа бағыты» атты бұл құжатта елдің дамуына серпін беретін негізгі міндеттер айқындалды. Президенттің айтуынша, басты басымдықтардың қатарында инвестиция тарту, аймақтық даму және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың рөлін қайта қарау бар.
Мемлекет басшысы бүгінде әлемде шетелдік капитал үшін бәсеке күшейгенін атап өтті. Сондықтан Қазақстан инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыруы қажет. Бұл тек Үкімет пен ұлттық компаниялардың ғана емес, өңір әкімдерінің де басты міндеті болмақ.
Президент ерекше тоқталған мәселенің бірі – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК). «ӘКК аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күш болуға тиіс. Бірақ көбі коммуналдық мүлікті басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырумен шектеліп отыр. Олардың аймақ экономикасына әсері шамалы. Үкімет осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу тапсырылды. Бұл іске тәуелсіз сарапшылардың тартылуы маңызды болмақ.