Басты бет / Жаңалықтар / Шығыс Қазақстан — даму бағыты айқын өңір
Новости и статьи 16 қыркүйек, 2025

Шығыс Қазақстан — даму бағыты айқын өңір

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 24.kz телеарнасына берген сұхбатында өңірдің басты даму тетіктеріне тоқталды. Ол соңғы жылдары Шығыста экономикалық өсімнің жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Ірі көлемдегі инвестициялар мен мемлекеттік қолдау шараларының арқасында инфрақұрылым жаңарып, өндіріс, туризм, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала қатар дамуда.

Республикалық БАҚ-тың Шығысқа деген қызығушылығы бұрыннан бар. Алайда бүгінде ол одан сайын арта түсті: өңір инвестиция тартып, туризмді дамытып, су ресурстарын үнемдеу саласында алдыңғы қатарлы жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері мен өндірістік материалдар шығаратын кәсіпорындар қарқын алуда. Мұнда ірі өнеркәсіп алыптары мен зауыттар шоғырланған.

– Соңғы он жылда Шығыс Қазақстан айтарлықтай экономикалық әрі әлеуметтік жетістіктерге жетті. Өндіріс көлемі екі жарым есеге жуық өссе, ауыл шаруашылығы өнімі бір жарым есеге артты. Өңірге тартылған инвестиция көлемі де екі есе көбейіп, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашты, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы да өңірдің серпінді дамып келе жатқанын дәлелдейді: негізгі капиталға тартылған инвестициялар 101,2 пайызға өсіп, 297,1 млрд теңгеге жетті. Қазір облыста жалпы саны 52 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның 11-і биыл қолданысқа берілмек. Жобалардың басым бөлігі өндіріс саласына тиесілі. Бұл да заңды, себебі Шығыс Қазақстан ежелден өндірісті аймақ саналады.

Әкімнің айтуынша, ШҚО еліміздегі су ресурстарының 40 пайызы мен орман қорының 38 пайызы шоғырланған аймақ ретінде зор әлеуетке ие.

– Өзендерге жүргізілген зерттеулер қуаттылығы екі мегаваттқа дейінгі 95 шағын және орта СЭС салуға мүмкіндік барын көрсетті. Қазір министрліктермен бірлесіп, 220 киловольттық екі электр беру желісін тарту мәселесі пысықталуда. Бұл желілер Тарбағатай, Зайсан, Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім және Самар аудандарындағы электр тапшылығын жоюға бағытталады. Бүгінде осы жеті ауданда 63 мегаватт көлемінде электр қуаты жетіспейді. Инфрақұрылымды дамыту жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашып, өңірдің қарқынды дамуына серпін береді, – деді өңір басшысы.

Туризм саласы да дамып келеді. Марқакөл, Катонқарағай және Зайсан өңірлерінде туристік инфрақұрылым қалыптасып, жаңа бағыттар ашылуда. Ресей мен Қытайдан туристік делегациялар жиі келіп, халықаралық әріптестік нығаюда.

– Туризм тек жаз айларында ғана емес, жыл он екі ай табыс әкелуі тиіс. Сондықтан қысқы туризмді дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Алтай, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Риддер өңірлерінде жаңа туристік нысандар салынып, қолданыстағы қонақ үйлер мен демалыс базалары жаңартылуда. Әсіресе Риддер қаласында жыл он екі ай жұмыс істейтін тау-шаңғы курорты жобасы қолға алынды. Бұл бағытта швейцариялық компания зерттеу жүргізіп, қажетті мәліметтерді жинап үлгерді, – деді әкім.

Сонымен қатар облыста медициналық туризм де өркендеуде: онкология мен хирургия саласындағы жаңа орталықтар ашылып, экотуризммен ұштасқан медициналық қызметтер ұсынылуда.

Білім және спорт саласында да жүйелі қадамдар жасалуда. Жаңа мектептер салынып, оқу бағдарламалары кеңейтілуде, спорттық нысандар ашылып, халықтың өмір сапасы артып келеді.

Өзінің табиғаты, қайталанбас ерекшелікке ие мекендері, орман-тоғайы, таулары мен көлдері арқылы – Қазақстандағы ең орманды әрі ең сулы өңір саналатын Шығыс барған сайын назар аударуда. Республика аймақтарының әріптестері Шығыстың тәжірибесін үйренуге ұмтылса, шетелдік инвесторлар да осы өңірге қаржы салуға қызығушылық білдіруде.

Фото: 24KZ