Шығыс Қазақстан облысында су сорғыларын шығаратын өндірісті іске қосу жөнінде меморандумға қол қойылды. Құжатқа «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Әбіл Донбаев пен Қытайдың Luhasilu Digital Agriculture Technology Development (Shandong) Co., Ltd. компаниясының бас директоры Гао Фэй қол қойды.
Жоба ауыл шаруашылығын суаруға және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға арналған жабдық шығаруға бағытталған. Алдағы уақытта өнімді экспортқа шығару да көзделуде.
Жобаның инвестициялық көлемі – 5 миллион АҚШ доллары. Қытайлық тарап технология мен жабдықтарды жеткізіп қана қоймай, қазақстандық мамандарды оқытуға да атсалыспақ. Өз кезегінде «Ертіс» ӘКК жер учаскесін, инженерлік инфрақұрылымды ұсынып, мемлекеттік қолдау шараларын алуға және жобаны мемлекеттік органдар деңгейінде сүйемелдеуге міндеттелді.
Өндіріс «EPC+Finance+Operation Consulting» үлгісі бойынша жүзеге асырылмақ, яғни жобалау мен құрылыс жұмыстарынан бастап қаржыландыру мен пайдалану бойынша кеңес беруге дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Тараптардың айтуынша, аталған кәсіпорынның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің инфрақұрылымын нығайтуға және аграрлық сектордың технологиялық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.