Шығыс Қазақстанда қоршаған орта мәдениетін арттыруға және табиғатты аялауға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. 11 қазан күні қаладағы мекемелер мен кәсіпорындардың еңбек ұжымдары белгіленген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, облыс орталығының көркін арттыруға үлес қосты.
Дәстүр бойынша «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұжымы да бұл бастамадан қалыс қалмады. Кәсіпорын қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақта тазалық жұмыстарын атқарып, қала экологиясына өз үлестерін қосты.
Аппарат басшысы – корпоративтік хатшы Ринат Арынтанбекұлының айтуынша, мұндай шараларға қатысу корпорация үшін жыл сайынғы дәстүрге айналған:
«Біз үшін “Таза Қазақстан” акциясы – тек аумақты тазалау емес, азаматтық жауапкершіліктің және экологиялық мәдениеттің көрінісі. Ұжымымыз жыл сайын осы бастама аясындағы маусымдық шараларға белсене қатысып келеді. Себебі тазалық пен тәртіп – жайлы әрі қауіпсіз өмірдің негізі», – деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясы алғаш рет 2019 жылы «Бірге – Таза Қазақстан» ұранымен бастау алған болатын. Сол уақыттан бері ол еліміз бойынша миллиондаған азаматты біріктірген ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды. Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті, отансүйгіштікті және табиғатқа ұқыпты көзқарасты қалыптастыру.
Өткен жылдар ішінде акцияға 1,2 миллионнан астам адам қатысып, миллиондаған тонна қалдық жиналып, мыңдаған гектар жер мен су айдындары тазартылды. Осындай бастамалардың арқасында елді мекендер көркейіп, экологиялық мәдениет қоғамның ортақ құндылығына айналып келеді.
«Ертіс» ӘКК ұжымы алдағы уақытта да табиғатты қорғау және экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы бастамаларды қолдап, туған өлкенің тазалығы мен көркін арттыруға өз үлесін қоса бермек.