1 қарашадан Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасы аясында көкөністерді сату маусымы басталады. Бағдарлама 2026 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады.
Бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен «Ертіс» ӘКК жергілікті өндірушілермен келісімшарттар жасасқан. Қалыптастырылған қорлар бекітілген Ережеге сай халықтың үш айлық тұтыну көлемінің 50 пайызынан аспайтын көлемде.
Күзгі-қысқы маусымға арнап 6 080 тонна картоп, 1 398 тонна сәбіз, 1 459 тонна қырыққабат және 973 тонна пияз контрактіленген.
Баға реттеу тетігі 2019 жылғы 16 қыркүйектегі ШҚО әкімдігінің қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Қағидаға сай, өнімнің сауда үстемесі шекті мөлшерде белгіленіп, тауарлар облыстық статистика органдары жариялайтын орташа нарықтық бағадан кемінде 10 пайызға арзан сатылады.
2025 жылғы 1 қарашадан бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін Өскемен қаласы бойынша көкөніс бағасы орташа нарықтық көрсеткіштерден 10–15 пайызға төмен деңгейде бекітілді.
Өнімдер «Ертіс» ӘКК сауда павильондары мен меморандумға қол қойған серіктес дүкендер арқылы сатылады. Бағдарлама аясындағы көкөністерді төмендетілген бағамен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 14 сауда павильонында және 12 серіктес-дүкендерде сатылатын болады. Айта кету керек, корпорацияға қарасты сауда павильондары мемлекеттік реестр арқылы конкурс негізінде кәсіпкерлерге беріледі. Қазірдің өзінде конкурста 3 павильон, тура келісімшарт жасасуға дайын 5 павильон және бос жер учаскелері бар кәсіпкерлерге беру құқығымен 4 дүңгіршек бар. Бұл жағдай әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары сатылатын орындар саны уақыт өте арта түсетінін білдіреді.
Сауда нүктелерінің мекенжайлары:
1. Серікбаев көшесі, №27 үй маңы
2. Потанин көшесі, №31 үй маңы
3. Вострецов көшесі, №19 үй маңы
4. Назарбаев даңғылы, №84 үй маңы
5. Қабанбай батыр көшесі, №162 үй маңы
6. Михаэлис көшесі, №20 үй маңы
7. Машинастроителей көшесі, №2
8. Гагарин бульвары, №25 үй маңы
9. Лихарев көшесі, №11 үй маңы
10. Красин көшесі, №1/1 үй маңы
11. Өтепов көшесі, №24 үй маңы
12. Өтепов көшесі, №2 үй маңы
13. Сәтпаев көшесі, №15 үй маңы
14. Назарбаев даңғылы, №27 үй маңы
15. «Волна» дүкені, Қабанбай батыр көшесі, №114
16. «Автомота Амирханова» дүкені, Назарбаев даңғылы, №8
17. Павильон, Бажов көшесі, 494/1
18. «Заря» базары, Өтепов көшесі, №10
19. «Самал» дүкені, Бажов көшесі, 331/1 (көкөніс бөлімі)
20. «Самал» дүкені, Бажов көшесі, 331/1
21. «Колос» дүкені, Әуезов көшесі, №15
22. Павильон, Бажов көшесі, 331
23. Павильон, Шәкәрім көшесі, 163
24. «Жәрдем» базары, сыртқы бөлім №86
25. «Гастроном на 45-й» дүкені, Назарбаев даңғылы, №25
26. «Заречный» базары, «Тропиканка» кафесі жағынан кіреберіс
Бағаны тұрақтандыру бағдарламасы Шығыс Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама маусымдық бағаның күрт өсуін тежеп, өңір тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік береді.
- Біздің мақсатымыз - тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын сақтау және өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Баға тұрақтылығын сақтай отыра біз нарықтағы сауда мен өндірушілерге бәсекелестік тудырмауымыз керек. Керісінше, нарықтық экономиканың өз алдына дамып, реттелуіне кедергі келтірмей, бірақ баға шарықтауына тосқауыл болуға үлес қосып, баламалы құн ұсыну арқылы баға тұрақталуына әсер етуіміз қажет, - деп атап өтті «Ертіс» ӘКК баспасөз қызметінде.
Осылайша, Шығыс Қазақстан биылғы қыс маусымына әлеуметтік тұрғыда дайын: көкөніс қоры жеткілікті, баға реттелген, ал халықтың тұрмыс сапасын сақтау — өңір билігінің басты назарында.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері сатылатын барлық сауда павильондарына талап бойынша баға ашық түрде көзге көрнекі жерде орналастырылуы іске асқан. ӘКК баспасөз қызметі сатып алушылар кез келген сұрақпен ӘКК тиісті департаментінің менеджерлеріне хабарласуға болатынын мәлімдеді. Кері байланыс телефонының нөмірі: 8-7232-701-143, жұмыс уақыты 8:00-17:30, түскі үзіліс 12:00-13:30.