Бүгін «Ертіс» ӘКК» АҚ бастамасымен Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандары қамтылған кеңейтілген онлайн-кеңес өтті. Кездесу ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ аудандық әкімдіктерден, ауылдық округтерден және кәсіпкерлерден «Ауыл аманаты» бағдарламасына 2025 жылға енгізілген өзгерістер бойынша олардың көзқарасы мен ұсыныстарын тыңдау мақсатында ұйымдастырылды.
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы жаңа басым бағыттарды бекітіп, құжат қабылдау қайта басталғаннан кейін, бұған дейін жобаларын дайындап жүрген ауыл тұрғындары бірқатар жаңа талаптарды зерделеді. Бұл талаптар мал шаруашылығын қаржыландыру тәсілін өзгертіп, кооперация рөлін күшейтеді және кейбір ауылдық, бірақ ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлерін қаржыландырудан шығарады.
Өтініш беру барысында түсінбеушілік, кідіріс немесе қателіктер болмауы үшін «СПК «Ертіс» аудандармен барлық өзгерістерді ашық талқылау мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында кеңес ұйымдастырды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының ұстанымы — енді мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарындағы жобалар мүмкіндігінше кооперативтерге біріктірілуі тиіс. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Алмас Құрманғалиевтің айтуынша, бұл қадам бағдарламаның тиімділігін арттыру, өндірістерді ірілендіру, қаржыландырудың бытыраңқылығын азайту, сондай-ақ аудандарда әлсіз ұсақ шаруашылықтардың орнына қуатты өндіріс орталықтарын қалыптастыру мақсатында қабылданған.
Айта кетейік, 2023 жылы облыстағы барлық несиенің шамамен 80%-ы мал сатып алуға бағытталған болатын, осының салдарынан басқа салалар назардан тыс қалды. Бұл теңсіздікті жою және аудан экономикасын әртараптандыру үшін 2024–2025 жылдардан бастап Үкімет деңгейінде мал шаруашылығына жалпы қаржыландырудың 40 пайызын ғана бөлу туралы шешім қабылданды.
Аудандардың өкілдері ірі қараны өзге облыстардан әкелу қымбатқа түсетінін, ал тасымалдау шығындары өнімнің өзіндік құнын арттыратынын жеткізді. Бұл қазіргі кезде аса маңызды болып тұрған ет бағасының қымбаттауына әсер етуі ықтимал.
Ауыл шаруашылығы басқармасы жаңа талаптардың ұзақ мерзімде жергілікті мал басын көбейтуге, жергілікті шаруашылықтарды дамытуға және басқа өңірлерге тәуелділікті азайтуға ықпал ететінін түсіндірді.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, бөлінген қаржы 90 күн ішінде жобада көрсетілген мақсатқа сай игерілуі тиіс. Барлық төлемдер тек қолма-қол ақшасыз жүргізіледі және тек ресми дилерден, өндірушілерден немесе сертификатталған жеткізушілерден алынған құжаттармен расталуы қажет. Бұл ашықтықты күшейтеді, кәсіпкерлерді жосықсыз жеткізушілерден қорғайды және несие шартының бұзылу қаупін төмендетеді.
Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл ауыл шаруашылығына жатпайтын бірқатар бағыттар қаржыландырудан алынып тасталды. Мысалы: кірпіш өндірісі, тігін цехтары, ТҚО, жеңіл автокөлік сатып алу, туыстардан мал сатып алу, жалға беру мақсатындағы тұрғын үй құрылысы (туризмнен басқа), сауда және тағы басқа бағыттар енді қаржыландырылмайды.
Дегенмен, өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат Мамырбаев сұранысқа ие кейбір ауылдық, бірақ ауылшаруашылықтық емес жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қалдыру қажет екенін атап өтті.
Кеңеске қатысқан аудан өкілдері бірнеше нақты қиындықтарды атады:
- шағын ауылдарда кооперативтер құру баяу жүргізіледі;
- кәсіпкерлер жобаларын ескі талаптар бойынша дайындап қойған, жаңа ережелерге бейімделіп үлгермей жатыр;
- ірі қараны өзге өңірлерден іздеу және жеткізу шығынды өсіреді;
- ауылда сұранысқа ие бағыттардың бір бөлігі биыл тізімнен алынып отыр.
Аудан әкімдіктері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Amanat» партиясы кейбір тармақтарды қайта қарап, нақты түсіндірмелер беруді ұсынды.
Ал Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жаңа талаптардың негізгі мақсаты бағдарламаның ең жоғарғы экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ондағы көзделгені:
- облыс бойынша мал басын арттыру;
- тұрақты әрі орнықты өндірістер құру;
- қайта өңдеу үлесін ұлғайту;
- кооперативтерді күшейту;
- ауыл экономикасын әртараптандыру.
«Ертіс» ӘКК» АҚ несие департаментінің директоры Дидар Мажиринов бағдарламаға қатысу шарттарын талқылау барысында ауданнан келетін кері байланыстың маңызын ерекше атап өтті.
- Бүгінде Шығыс Қазақстан тұрғындары өз шаруасын ашу немесе кеңейту мақсатында жобаларын дайындап, құжаттарын жинап жатыр. Жаңа талаптар жағдайында азаматтарға айқын түсіндіру жұмыстары мен сапалы кеңестер керек. Бүгінгі кеңестің басты мақсаты — бағдарламаның жүзеге асу механизмін ауыл тұрғындары үшін барынша түсінікті әрі қолжетімді ету, - деді Дидар Социалұлы.
Кеңесті жүргізген «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанатбек Мирзабеков барлық ұсыныстар мен ескертулерді 19 қарашаға дейін толық жинауды тапсырды. Барлық пікірлер мен ұсыныстар облыстық кәсіпкерлер палатасының аясында жүйеленетін болады. Кеңес қатысушылары даулы тармақтарды пысықтау үшін жинақталған құжат әзірлеу туралы шешім қабылдады. Бұл материал қажет болған жағдайда бағдарлама шарттарын түзетуге негіз болады.
Айта кетейік, айтылған барлық ұсыныстар ресми түрде хаттамаға енгізілді және нақты ұсыныстар толық жинақталғаннан кейін келесі аптада бұл мәселелер қайта талқыланады.