Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халық үшін қолжетімділігін сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен Экономикалық тергеу департаменті, Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бірлесіп, корпорациямен меморандум негізінде жұмыс істейтін Өскемен қаласындағы үй жанындағы дүкендерге тексеру жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг барысында дүкендердегі әлеуметтік тауарлардың меморандумда белгіленген талаптарға сәйкестігі, яғни 2-5 пайыздық үстеме құн шегінен аспай сатылуы қатаң бақылауға алынды. Сонымен бірге тауарлардың жеткізілу тәртібі, сақтау сапасы және өнімдердің нарықтағы бағамен салыстырмалы айырмашылығы да қарастырылды.
Шығыс Қазақстан облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин тексеріс қорытындыларына тоқталып:
«Ертіс ӘКК мен Экономикалық тергеу департаментінің мамандарымен бірге меморандум аясында жұмыс істейтін дүкендерге кешенді мониторинг жүргіздік. Басты мақсат - әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үстеме бағасыз немесе шекті мөлшерден асырмай сатылуын тексеру. Нәтижесінде артық үстеме баға қосу фактілері анықталған жоқ. Әр әлеуметтік тауар нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан деңгейде ұсынылып отыр. Алдағы міндет - осындай форматтағы дүкендердің санын арттырып, қолжетімді бағадағы өнімдер желісін кеңейту», - деп атап өтті.
Баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында Өскемендегі үй жанындағы дүкендер әлеуметтік маңызы бар өнімдерді «Ертіс» корпорациясының сауда павильондары бағасымен бірдей деңгейде ұсынуда. Корпорация бүгінгі таңда бұл тауарлардың құнын орташа нарықтық көрсеткіштен 10-15 пайызға төмен деңгейде ұстап отыр. Әлеуметтік тауарлар дүкендерге кәсіпкерлердің күнделікті өтінімі бойынша тегін жеткізіледі, ал сауда нүктелеріне 3% салық және 2% таза пайда көлемі алдын ала қарастырылған. Сонымен қатар жарамсыз өнімдер болған жағдайда олар келесі күні жеткізуші тарапынан толық ауыстырылып беріледі.
Қазіргі таңда Өскемен қаласы бойынша 36 сауда орнында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік төмендетілген бағамен сатылуда. Оның 14-і - «Ертіс» ӘКК-ге қарасты павильондар, 22-сі - меморандум аясында жұмыс істейтін үй жанындағы дүкендер. Бұл желі алдағы уақытта кеңейіп, тұрғындардың әлеуметтік тауарларға қолжетімділігі одан әрі арта түседі деп көзделуде.
Жүргізілген мониторинг нәтижелері өңірдегі баға саясатының тұрақтылығын, меморандум талаптарының толық орындалып жатқанын және әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты бақылаудың тиімді жүзеге асырылып отырғанын көрсетті. Халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.