Шығыс Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерейлі күн аграрлық сала мамандарын, фермерлерді, қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдерін, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген мамандарды бір алаңға тоғыстырды. Іс-шара барысында ауыл шаруашылығының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың көпжылдық еңбегі мен өңірдің аграрлық саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
2025 жыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешені үшін ең табысты жылдардың бірі болды. Саладағы жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 117 пайызға өсті. Орақ науқаны жоғары көрсеткіштермен аяқталды: гектарынан 20,7 центнерден өнім алып, 537 мың тонна майлы дақыл жиналды. Аграрларға айтарлықтай қолдау көрсеткен «Кең дала–2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 5 пайыздық мөлшерлемемен 14 млрд теңгеден астам қаржы берілген.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) орны ерекше. Бүгінде корпорация өңірлік даму институты ретінде әрбір ауыл тұрғынының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында:
• әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру,
• мемлекеттік «Кеңдала» бағдарламасын іске асыру,
• «Ауыл аманаты» жобасына қатысу,
• АӨК субъектілеріне несиелеу рәсімдері,
• Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін ұлғайту аясында өңірге енгізу жүргізілуде.
Бұл бастамалар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ауылдық аумақтардың мүмкіндіктерін кеңейтетін кешенді жүйе қалыптастырады.
Корпорация құрамында бірнеше мамандандырылған департамент жұмыс істейді. Онда саланы терең білетін, тәжірибесі мол менеджерлер еңбек етуде. Олар Шығыс Қазақстан тұрғындарымен күнделікті тікелей байланысып, кеңес беріп, жобаларды идеядан іске асыруға дейін сүйемелдеп, кәсіпкерлерге тиімді шешім табуға көмектеседі. Мұндай жүйелі қолдау э «Ертісті» фермерлердің сенімді серіктесіне және аграрлық саланы жаңғыртудың белсенді қатысушысына айналдырады.
Салтанатты шара барысында «Ертіс» корпорациясының басқарма төрағасы Әбіл Донбаев «Кәсіпкерлік тірегі» номинациясы бойынша марапатталды. Әбіл Бекетұлы тізгіндеп отырған квазимемлекеттік компанияның агробизнесті дамытуға, ауылдық аумақтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған тиімді құралдарды кеңейтуге қосқан үлесі өңір басшылығы тарапынан жоғары бағаланды.
Аудан-ауылдағы ахуалды жақсартуда корпорация жұмысының маңызын атап өткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Ертіс» акционерлік қоғамы аграрлық сектордың тұрақтылығына, өңір экономикасының өсуіне және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
Айта кету керек, кеште мәлімделгендей, өсім мал шаруашылығында да байқалады: сүт өндіру көлемі 10 пайызға, ірі қара саны 3 пайызға, жылқы 3,8 пайызға, құс 1,3 пайызға артты. Шаруашылықтар өндіріс процесіне интеллектуалды суару жүйелері, дрондар, роботтандырылған құралдар сияқты жаңа технологияларды енгізіп, сала трансформациясын тездетуде.
Өңірдің қайта өңдеу өнеркәсібі де тұрақты өсім көрсетуде: жартылай фабрикаттар өндірісі 81 пайызға, балық өнімдері 33 пайызға, өсімдік майы 28 пайызға, ұн 20 пайызға, сары май 15 пайызға, кондитерлік өнімдер 13 пайызға, ірімшік пен сүзбе 8,7 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 20 пайызға көбейді, оның 70 пайызы – терең өңделген тауарлар.
Мереке аясында облыстық филармонияда 11 аудан мен 2 қаланың ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған көрме өтті. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Зайсан ауданы, екінші орынды Алтай ауданы, үшінші орынды Глубокое ауданы иеленді. Ал Гран-при жүлдесі инновациялық көзқарасы мен саланың жетістіктерін жарқын таныстырғаны үшін Өскемен қаласына берілді.
Бұл мерейлі күн – Шығыс Қазақстанды елдің жетекші аграрлық өңірлерінің біріне айналдырып отырған еңбек адамдарына көрсетілген құрмет пен ризашылық мерекесі. Ал «Ертіс» ӘКК» АҚ – ауыл шаруашылығын дамытудағы сенімді серіктес әрі өңірдің өсуін ілгерілететін маңызды драйвер ретінде еңбектене бермек.