Өскемен қаласында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормаларын сақтау мәселелеріне арналған түсіндіру отырысына қатысты.
Іс-шара басында сөз алған корпорация аппаратының басшысы – корпоративтік хатшы Ринат Арыстанбек компанияның қазіргі қызмет бағыттары мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, корпорация ашықтықты, корпоративтік мәдениетті және алдын алу жүйесін кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Бұл бағытта штаттық комплаенс-офицердің жетекшілігімен цифрлық комплаенс жүйесі енгізілген. Сонымен қатар, «Ертіс» корпорациясы өңірде алғашқылардың бірі болып ISO 37001 халықаралық сертификатын иеленіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар мен өзге де басқару стандарттарының әлемдік деңгейге сәйкестігін дәлелдеп отыр.
Іс-шараға шақырылған спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері Архат Бейсембаев және Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мира Беккужина сөз сөйледі.
Архат Бейсембаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы негізгі өзгерістерге тоқталып, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында орнықты антикоррупциялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ол жаңартылған нормативтік реттеу мен жауапкершілік тетіктерінің күшейтілгенін жан-жақты түсіндірді.
Мира Беккужина өз сөзінде қызметтік әдеп нормалары тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне де міндетті екенін айтты. Оның пікірінше, әдеп талаптарын сақтау кез келген ұйымның оң имиджін қалыптастырудағы шешуші фактор болып табылады. Спикер мемлекеттік қызмет саласында жуырда орын алған әдеп бұзушылықтарға мысалдар келтіріп, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі профилактикалық жұмыстың қажеттігін атап өтті.
Іс-шара соңында қонақтар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, әдептік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды іс жүзінде қолдануға қатысты бірқатар практикалық мәселелерді нақтылады.
Бұл жиын «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметтік тәртіпті нығайтуға, корпоративтік жауапкершілікті арттыруға және өңірде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған кешенді жұмысының бір бөлігі болды.