Басты бет / Жаңалықтар / Түркістан облысы “Ертіс” ӘКК-ның көтерме-тарату орталығын ашу тәжірибесімен танысты
Новости и статьи 14 қаңтар, 2026

Түркістан облысы “Ертіс” ӘКК-ның көтерме-тарату орталығын ашу тәжірибесімен танысты

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Түркістан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан делегация келді. Сапардың негізгі мақсаты — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша “Ертіс” ӘКК жүзеге асырған тәжірибемен, атап айтқанда “Алтай” көтерме-тарату орталығының қызметімен жан-жақты танысу.

Қонақтар нысанның инфрақұрылымын, заманауи көкөніс сақтау қоймаларын, қойма және сауда алаңдарын аралап көріп, жобаны іске асыру тетіктері, инвестормен өзара іс-қимыл үлгісі және мемлекет тарапынан ӘКК арқылы көрсетілген қолдау жөнінде толық ақпарат алды.

«Бүгін бізге Түркістан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан әріптестер келді. Кездесудің мақсаты — көтерме-тарату орталығын салу және іске қосу бағытында тәжірибе алмасу. Олар Шығыс Қазақстан облысында бұл жобаның жекеменшік серіктес пен мемлекет қатысуымен, нақты айтқанда, „Ертіс“ ӘКК арқылы қалай жүзеге асқанын көргісі келді», — деді «Ертіс» ӘКК инвестициялар департаментінің директоры Аслан Смағұлов.

Сапар барысында “Түркістан” ӘКК өкілдері орталықтың техникалық мүмкіндіктерімен ғана емес, сонымен қатар оның күнделікті жұмыс істеу жүйесімен — логистика, өнім сақтау, өткізу арналары және жергілікті тауар өндірушілермен өзара байланыс тетіктерімен де танысты.

Айта кетейік, «Алтай» көтерме-тарату орталығы жобасының жалпы құны 30 млрд теңгеден асады. Жобаның басты ерекшелігі — аймақтық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімін өткізуге басымдық беруі және «егістіктен — сөреге дейін» қағидаты бойынша жұмыс істеуі. Бұл тәсіл делдалдар тізбегін қысқартып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға және ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде жоба мультипликативтік әсерін көрсете бастады: ол агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына серпін беріп, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бағытталған тұрақты өткізу инфрақұрылымын қалыптастырып отыр.

«Жоба алдағы уақытта табысты дамып, салынған инвестиция толықтай ақталады деп сенемін. Бұл — ӘКК қатысуымен іске асқан инвестициялық бастамалардың өңір экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне нақты пайда әкелетінінің айқын мысалы», — деп атап өтті Аслан Смағұлов.

«Ертіс» ӘКК Түркістан облысындағы әріптестеріне осындай нысанды іске қосу барысында барлық кезеңде әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуге дайын. Ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы да Түркістан облысына арнайы сапармен баруды жоспарлап отыр.

Осылайша, «Алтай» көтерме-тарату орталығы тек өңірлік инфрақұрылым нысаны ғана емес, тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізуге болатын сәтті инвестициялық кейс ретінде қалыптасып отыр. Бұл өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысында «Ертіс» ӘКК-нің аймақтық деңгейдегі толыққанды даму институты ретіндегі рөлін айқын көрсетіп отыр.


Фото: altainews.kz