Шығыс Қазақстан облысында лифт жабдықтарын өндіру жобасын іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Аталмыш жобаны өңірге тарту және өндірісті жергіліктендіру мәселесі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бастамасымен жүргізілген келіссөздер барысында талқыланды.
Биыл қаңтар айының соңында корпорация өкілдері лифт жабдықтарын өндіру және сервистік қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін Қытай Халық Республикасының компаниясымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуде өндірісті Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналастыру тетіктері мен ықтимал алаңдар пысықталды.
Келіссөздер барысында шетелдік тарап Шығыс Қазақстан облысының аумағында өндірістік қызметін кеңейтуге мүдделі екендерін білдірді. Инвесторға Серебрянск қаласындағы бұрынғы бейорганикалық өндірістер зауыты кешенінің аумағы ұсынылды. Тараптар нысанды аралап көріп, жобаны іске асыру форматтары мен инвестициялық жобаны жүзеге асырудағы өзара тиімді ынтымақтастық шарттарын талқылады.
Өңір үшін жаңа индустриялық бағыт
Лифт жабдықтарын өндіру – қалалық инфрақұрылым мен құрылыс саласының маңызды сегменті. Тұрғын үй қорын жаңғырту, көпқабатты құрылыстың қарқын алуы және әлеуметтік нысандарды жаңарту заманауи, қауіпсіз әрі энергия үнемдейтін лифт жүйелеріне деген сұранысты арттырып отыр. Бүгінде Орталық Азия нарығында бұл өнім түрі көбіне импортқа тәуелді.
Өндірісті ШҚО аумағында орналастыру бұл салада бірқатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Атап айтқанда:
– жабдықтарды құрастыру мен сервистік қызмет көрсетуді ішінара жергіліктендіру;
– құрылыс компаниялары үшін жеткізу мерзімін қысқартып, шығындарды оңтайландыру;
– машина жасау және инжиниринг саласында жаңа құзыреттер қалыптастыру;
– инженерлік-техникалық мамандарды қоса алғанда, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер бермек.
Бұдан бөлек, жоба алдағы уақытта Қазақстанның өзге өңірлері мен шекаралас нарықтарға шығуға негіз бола алады.
Аталған үдерісте «Ертіс» ӘКК» АҚ толыққанды өңірлік дамыту институты ретінде инвесторларға өндірістік алаң ұсынумен қатар, инфрақұрылымға қосылу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және жобаны сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Серебрянск қаласындағы бұрынғы өндірістік нысанды қайта іске қосу – пайдаланылмай тұрған активтерді экономикалық айналымға енгізу және моноқалаларды қайта индустрияландыру стратегиясының бір бөлігі. Бұл тәсіл өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалануға бағытталған.
Жоба жүзеге асқан жағдайда өндірістік кооперация, сервистік қызмет, логистика және құрылыс салаларына қосымша серпін беріледі депп күтіледі. Сонымен қатар, өңірдегі лифт шаруашылығына сапалы сервистік қызмет көрсетудің жолға қойылуы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей ықпал етпек.
Қазіргі уақытта тараптар ықтимал ынтымақтастықтың нақты тетіктерін пысықтауда. Келісімдерге қол жеткізілген жағдайда Шығыс Қазақстан облысында машина жасау саласындағы жаңа инвестициялық жоба іске қосылып, «Ертіс» ӘКК өңірге стратегиялық инвестор тарту бағытындағы кезекті нәтижелі жобасын жүзеге асыруы мүмкін.
Бәсекелестік күшейген қазіргі кезеңде дәл осындай инфрақұрылымдық негізі бар инвестициялық бастамалар өңірдің ұзақмерзімді экономикалық өсіміне берік негіз қаламақ.
«Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі