Басты бет / Жаңалықтар / Өскеменде майлы дақылдарды өңдеу зауыты салынуы мүмкін
Новости и статьи 30 қаңтар, 2026

Өскеменде майлы дақылдарды өңдеу зауыты салынуы мүмкін

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма ұжымы жуықта «Yuheng Import and Export Co., Ltd» ЖШС басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді. Компанияның негізгі инвесторлары – Қытай Халық Республикасының өкілдері. Келіссөздер барысында Өскемен қаласы аумағында майлы дақылдарды өңдеу және өсімдік майын өндіру зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. Жоба ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге және Шығыс Қазақстан облысының экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.


Терең өңдеу – агроөнеркәсіп кешенінің басымдығы


Майлы дақылдарды өңдеу саласы агроөнеркәсіп кешеніндегі стратегиялық бағыттардың бірі саналады. Шығыс Қазақстан облысында майлы дақылдар өндірісіне жеткілікті шикізат базасы қалыптасқанымен, қосылған құнның едәуір бөлігі өңірден тыс жерде жасалады. Өндірісті жергілікті жерде ұйымдастыру шикізаттық модельден өңдеуші модельге көшуге, дайын өнім үлесін арттыруға және экспорт құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Өсімдік майын өндіру ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, Қытай және Орталық Азия елдері нарығына шығуға жол ашады. Терең өңделген өнімге сұраныстың артуы жобаның өңір экономикасына мультипликативтік әсерін күшейтпек.


Индустриялық инфрақұрылымның дайындығы


Кездесу барысында инвесторларға Өскемен қаласындағы Машинастроитель көшесінде орналасқан индустриялық аймақ көрсетілді. Өндіріс нысанын орналастыруға арналған ықтимал жер телімдері ұсынылды. Сондай-ақ, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, желілерге қосылу шарттары мен жер телімдерін беру тәртібі бойынша толық ақпарат берілді.

Дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақ инвестициялық тәуекелдерді азайтып, жобаны іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, өндірісті жедел іске қосуға және технологиялық процестерді жолға қоюға қолайлы жағдай жасайды.

«Ертіс» ӘКК» АҚ бұл үдерісте өндірістік алаң ұсынумен шектелмей, жобаны кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ететін өңірлік даму институты ретінде әрекет етуде. Корпорация инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, мемлекеттік органдармен және инфрақұрылымдық ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді.

Қайта өңдеу секторына инвестиция тарту – экономиканы әртараптандыру мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды бағыты. Жоба жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері ұлғаяды және Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік-аграрлық әлеуеті күшейе түседі.

Қазіргі уақытта тараптар ынтымақтастықтың нақты тетіктерін талқылау үстінде. Келісімге қол жеткізілген жағдайда өңірде заманауи өңдеу өндірісі іске қосылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құны едәуір артады.


 «Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі