Биыл республика көлемінде «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 100 млрд теңге бөлу қарастырылған. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысына бөлінген қаржы көлемі, құжат қабылдау мерзімі мен бағдарламаға қатысу шарттары да айқын.
2026 жылы бағдарлама аясында негізгі басымдық ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларға берілмек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және тұтыну кооперативтерін қолдау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы алдыңғы қатарда тұр.
Қаржыландырудың басым бағыттары ретінде туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу, жеке қосалқы шаруашылықтарды тарта отырып сүт-тауар фермаларын құру, ірі қара мал бордақылау жобалары, ұсақ мал өсіру, ара шаруашылығы, марал шаруашылығы, заманауи күтім және азықтандыру технологияларын қолдана отырып қаз өсіру, жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы (оның ішінде ауылдық жағдайға бейімделген модульдік фермалар), балық шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы айқындалған.
Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несиелендірудің басым бағыттары әрбір ауылдық округ пен аудан бойынша жүргізілетін скрининг нәтижесіне сүйене отырып белгіленеді және облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан бекітіледі. Бұл ретте ауыл шаруашылығына жатпайтын жобалар (туризмді қоспағанда) қаржыландырылмайтынын айта кету керек.
Ал республика бойынша бөлінген 100 млрд теңгенің өңірлер арасында қалай үлестірілетіні жергілікті деңгейдің құзыретіне кірмейді.
Шығыс Қазақстан облысына қазіргі таңда жасалған тапсырма шартына сәйкес 3 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Бағдарлама талаптарына да бірқатар өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізіліп отыр. 2025–2026 жылдары қаржыландырудың кемінде 40 пайызы мал шаруашылығын дамытуға, ал 20 пайыздан астамы өнім өңдеу саласына бағытталмақ. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға тарту басты шарттардың бірі ретінде белгіленіп отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін жоғары тиімділік пен нақты нәтиже беруді көздейді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары үшін несиенің ең жоғары сомасы 8 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (бұған дейін 2 500 АЕК-тен аспайтын).
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлері бойынша (туризмнен басқа) қаржыландыру уақытша тоқтатылғанымен, балық шаруашылығы, қаз өсіру және жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы жобаларына ерекше мән беріліп отыр.
Өткен жылдардың нәтижесіне көз жүгіртсек, 2023–2025 жылдар аралығында облыс бойынша 400 жоба қаржыландырылып, жалпы сомасы 4 035,1 млн теңгені құрады. Нәтижесінде 597 жаңа жұмыс орны көзделген. Несие алушылар құрылымында жеке кәсіпкерлер басым — 257 жоба, сондай-ақ 67 шаруа қожалығы мен 76 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері жобалары бар. Аудандар арасында Ұлан, Катонқарағай және Тарбағатай аудандары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген.
Қосымша кеңес алу үшін ауыл тұрғындары аудандық әкімдіктерге, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кеңсесіне және ресми сайтына (Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59/1, spkertis.kz, тел. 8 705 120 53 67), «Oskemen-Atameken» МҚҰ (Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 26/1, тел. 8 777 114 04 47), өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалдарына, сондай-ақ кооперацияны дамыту жөніндегі өңірлік үйлестірушіге (8 777 477 50 30) жүгіне алады.
Фото: pixabay