Басты бет / Жаңалықтар / «Ертіс» ӘКК ерте пісетін өнім бойынша келісімдерге қол жеткізді
Новости и статьи 03 сәуір, 2026

«Ертіс» ӘКК ерте пісетін өнім бойынша келісімдерге қол жеткізді

2026 жылдың көктем-жаз маусымына арналған ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізу мәселесі Түркістан облысында өткен көшпелі семинар-кеңесте кеңінен талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған бұл жиын өңірлер арасындағы нақты әріптестікті нығайтатын тиімді алаңға айналды.


Іс-шараға «Ертіс» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Танат Сағатұлы бастаған делегация қатысып, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тікелей келіссөздер жүргізді.

Кездесудің негізгі өзегі — ерте өнімнің маңыздылығы. Белгілі болғандай, көктем айларында шығыс өңірлерде әлі өнім жиналмайды, ал оңтүстікте алғашқы өнім нарыққа шығып үлгереді. Осы ерекшелік жеткізу тізбегін қалыптастыруда шешуші рөл атқарып отыр.

Семинар қорытындысында Түркістан облысы мен өзге де оңтүстік аймақтардың өндірушілерімен картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз өнімдерін жеткізуге бағытталған өзара ниет туралы келісімдер жасалды. Бұл өнімдер Шығыс Қазақстан облысында баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында сатылымға шығаруға бағытталмақ.

Мұндай көшпелі кездесулер — өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, нарықтағы ахуалды үйлестіруге, өндірістік әлеуетті нақты бағалауға және тиімді логистикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

«Ертіс» ӘКК делегациясы бұл сапарда уағдаластықтарға қол жеткізіп, маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға негіз қалады.

Бұл — отандық өндірушілерді қолдау мен өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың жарқын көрінісі.