Басты бет / Жаңалықтар / Агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар бойынша өтінімдер қабылдау жүріп жатыр
Новости и статьи 30 сәуір, 2026

Агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар бойынша өтінімдер қабылдау жүріп жатыр

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу қағидаларын іске асыру шеңберінде «Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ-нің сенім білдірілген агенті болып табылады.
Осыған байланысты «Ертіс» ӘКК» АҚ Шығыс Қазақстан облысы аумағында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру мақсатында өтінімдер қабылдауды жүргізеді.

АӨК саласындағы жобаларды іске асыруға арналған кредиттер сенім білдірілген агент арқылы үміткерлерге мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып беріледі.

Несиелендірудің негізгі шарттары:
* Кредит мерзімі – 10 жылға дейін;
* Бір жоба бойынша кредиттің ең жоғары сомасы – 5 млрд теңгеден аспайды;
* Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%;
* Негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең – 24 айдан аспайды;
* Міндетті шарт – кепілмен қамтамасыз етудің болуы.

Кредиттің нысаналы мақсаты
Кредиттер жаңа кәсіпорындар құруға немесе қолданыстағыларын кеңейтуге бағытталған АӨК жобаларын іске асыруға беріледі. Атап айтқанда:
* қуаттылығы 400 бастан асатын тауарлы-сүт фермалары;
* жылына 5 000 тоннадан бастап құс етін өндіретін ет бағытындағы құс фабрикалары;
* 5 000 бастан асатын етті мал шаруашылығы кәсіпорындары;
* 5 000 бастан асатын бордақылау алаңдары;
* сағатына 8 шартты бастан бастап өнім өңдейтін ет өңдеу кәсіпорындары;
* 10 000 басқа дейін ауыл шаруашылығы жануарларын сыйдыратын мал базарлары;
* сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын көкөніс қоймалары;
* сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын жеміс сақтау қоймалары;
* өнеркәсіптік жылыжай кешендері;
* ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу, сондай-ақ құрама жем өндіру кәсіпорындары;
* жылдық өндірістік қуаты 25 тоннадан асатын акваөсіру нысандарын өсіру шаруашылықтары;
* құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар;
* жаңбырлатып және тамшылатып суару сияқты заманауи су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы егіншілік жобалары;
* 5 000 бастан асатын қой шаруашылығы фермалары;
* жылына 80 млн дана жұмыртқа өндіретін жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары;
* мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін сою пункттері.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу және құрама жем өндіру кәсіпорындарын іске асыруға пайдаланылған қарыздарды қайта қаржыландыруға жол беріледі.

Маңызды
Несие қаражатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға, оның ішінде бордақылауға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға пайдалануға болмайды.

Жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері

Жобаларды қарау барысында:
* әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын импортты алмастыруды ескере отырып, жобаның салалық тиімділігі;
* өңір халқын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету;
* уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру;
* үміткердің немесе кәсіпорын басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және/немесе қайта өңдеу саласындағы кемінде 5 жылдық тәжірибесінің болуы;
* кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің болмауы;
* салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
* қажетті ауыл шаруашылығы жерлерінің, жемшөп базасының және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің болуы;
* тарату, банкроттық, оңалту рәсімдерінің немесе қызметін тоқтата тұру жағдайларының болмауы;
* жоба құнының кемінде 10%-ы мөлшерінде қарыз алушы тарапынан бірлесіп қаржыландырудың болуы;
* кредит сомасының кемінде 30%-ын қатты кепіл мүлкімен қамтамасыз ету;
* заңнамада көзделген жағдайларда жоба бойынша оң сараптаманың болуы ескеріледі.

Өтінімдерді қабылдау тәсілдері, кредит беру және қамтамасыз ету талаптары, үміткерлер санаттары, бірлесіп қаржыландыру мөлшері, сондай-ақ қажетті құжаттар тізбесі жергілікті атқарушы орган мен сенім білдірілген агент арасында жасалған тапсырма шартымен айқындалады.

Өтінімдерді қабылдау тәртібі

Үміткерлер құжаттарды «Ертіс» ӘКК» АҚ-ға қағаз және электрондық форматта ұсына алады.
Өтінімдер қабылдау мекенжайы:
ШҚО, Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59/1, 9-қабат.
Электрондық пошта: info@spkertis.kz
Байланыс телефоны: 8 7232 705 999
Жауапты құрылымдық бөлімше: «Ертіс» ӘКК» АҚ Инвестициялар департаменті.

«Ертіс» ӘКК» АҚ Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін АӨК саласындағы инвестициялық жобалар пулын қалыптастыруға қатысуға шақырады.