Басты бет / Жаңалықтар / ШҚО-да баға тұрақтандыру аясында маусымаралық әлеуметтік көкөністерді сату басталмақ
Новости и статьи 30 сәуір, 2026

ШҚО-да баға тұрақтандыру аясында маусымаралық әлеуметтік көкөністерді сату басталмақ

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру аясында маусымаралық көкөніс өнімдерін сату басталады. Биылғы жазғы тұрақтандыру кезеңі мамыр айынан тамызға дейін жалғасады.

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, тұрақтандыру тетігі аясында картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат нарықтағы орташа бағадан төмен бағамен саудаға шығарылды. Мәселен, бүгінгі таңда картоп 219 теңгеден сатылып жатыр, бұл статистикалық бағадан 31 теңгеге арзан. Сәбіз — 194 теңге, пияз — 133 теңге, ал қырыққабат — 190 теңге деңгейінде ұсынылуда.
Жалпы, жазғы кезеңге:
* 250 тонна картоп,
* 35 тонна сәбіз,
* 40 тонна пияз,
* 30 тонна қырыққабат қарастырылған.

Тұрақтандыру бағдарламасы тек көкөніс өнімдерімен шектелмейді. Комиссия шешімімен биыл қант, күнбағыс майы, күріш, қарақұмық, рожки және тұз өнімдері бойынша да тұрақтандыру тетіктері іске асырылуда. Бұл өнімдердің барлығы нарықтағы орташа бағадан төмен сатылуда. Мысалы:
* қант — 398 теңге,
* күнбағыс майы — 743 теңге,
* күріш — 584 теңге,
* қарақұмық — 389 теңге.

Бағалар айырмасы кей өнімдер бойынша 70-90 теңгеге дейін жетеді.
Айта кету керек, тұрақтандыру бағдарламасы аясындағы қор еркін нарықтағы барлық бағаны толық бақылауға арналған құрал емес. Оның негізгі мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының белгілі бір көлемін халыққа қолжетімді бағамен ұсыну.
Сарапшылардың айтуынша, нарықтық экономика жағдайында мемлекет бизнеске тікелей бәсекелес болмайды. Мемлекеттің міндеті — әлеуметтік қолдау тетіктерін қамтамасыз ету. Ал жалпы нарықтағы баға өсімін бақылау және негізсіз қымбаттауға жол бермеу — құзырлы бақылаушы органдардың міндеті.
Өткен күз-қыс маусымында тұрақтандыру бағдарламасы арқылы:
* 6080 тонна картоп,
* 1398 тонна сәбіз,
* 973 тонна пияз,
* 1459 тонна қырыққабат сатылған.
Бұл өнімдер жыл бойы бекітілген төмендетілген бағамен ұсынылды. Сауда үстемесі небәрі 5 пайыз көлемінде сақталған.

Бүгінде тұрақтандыру қорының өнімдері Өскемен қаласындағы 47 сауда нүктесінде сатылып жатыр. Оның ішінде 20 әлеуметтік павильон және 27 серіктес дүкен бар. Сонымен қатар Риддер қаласына 4 әлеуметтік павильон берілген.
Сондай-ақ өңірде әлеуметтік бағамен сиыр етін өткізу жалғасуда. «Украинка» шаруа қожалығы арқылы жеткізілетін сүйекті-жауырын төс бөлігінің бағасы 2790 теңге болып бекітілген.
Қазіргі уақытта 2026-2027 жылғы күз-көктем кезеңіне арналған көкөніс өнімдерін жеткізушіні анықтау жұмыстары жүргізілуде.