Басты бет / Жаңалықтар / Шығыс Қазақстанда полистиролбетон өндіретін жаңа зауыт іске қосылды
Новости и статьи 24 маусым, 2026

Шығыс Қазақстанда полистиролбетон өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысында құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жеке кәсіпкер Садырбаева Эльмира мен «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бірлесіп іске асырған полистиролбетон өндіретін зауыттың ашылу рәсімі өтті.

Жоба 2025 жылғы қазан Айкынбаев жасалған бірлескен қызмет туралы шарт аясында жүзеге асырылды. Өндірістік кешен Өскемен қаласы, Абай даңғылы, 197/12 мекенжайында орналасқан.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2500 м³ полистиролбетон бұйымдарын шығаруғFFа мүмкіндік береді. Зауыт өңірдің құрылыс нарығын заманауи әрі сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге, құрылыс құнын төмендетуге және тұрғын үй құрылысының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар импортты алмастыру да көзделіп отыр.
Жобаның жалпы құны 933,3 млн теңгені құрады. Оның ішінде «Ертіс» корпорациясы мен серіктес тарап 49% және 51% сәйкесінше үлестерін біріктірді.
«Ертіс» ӘКК» АҚ қаражаты өндірістік цех ғимаратын күрделі жөндеуге, технологиялық жабдықтар мен арнайы техникаларды сатып алуға бағытталды. Ал серіктес тарап өндірістік ғимараттарды ұсынып, айналым қаражатын толықтыруды қамтамасыз етті.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Ашылу кезеңінің өзінде он адам жұмыспен қамтылып үлгерген.
— Полистиролбетон өндіретін зауыттың іске қосылуы – өңірдің құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, заманауи құрылыс материалдарының қолжетімділігін арттыруға, жергілікті өндірісті дамытуға және өңір экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесінде жүзеге асқан бастама алдағы уақытта өз жемісін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз, – деді «Ертіс» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанатбек Мирзабеков.
Аталған жоба өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті құрылыс материалдары өндірісін дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік бермек.