Басты бет / Жаңалықтар / Кооперация, қайта өңдеу және туризм – «Ауыл аманатының» Шығыс Қазақстандағы жаңа өсу нүктелері
Новости и статьи 24 маусым, 2026

Кооперация, қайта өңдеу және туризм – «Ауыл аманатының» Шығыс Қазақстандағы жаңа өсу нүктелері

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама іске қосылғаннан бері өңірде 400 жобаға 4 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие беріліп, жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалды.


2023-2025 жылдары қаржыландырылған жобалардың қатарында жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтері бар. Бағдарлама ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа экономикалық бастамаларды іске асыруға нақты қолдау көрсетіп келеді.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде қаржыландырудың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталды. 2023 жылы берілген несиелердің шамамен 80 пайызы осы салаға тиесілі болды. Бұл ауылдық жерлерде дәстүрлі шаруашылықтарды дамытуға, мал басын көбейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік берді.

Кейінгі жылдары бағдарламаның қамту аясы кеңейіп, ауыл экономикасын әртараптандыруға басымдық беріле бастады. Әсіресе туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, техника мен жабдық сатып алу, сондай-ақ ауылдағы қызмет көрсету және өндірістік бағыттағы жобалардың үлесі артты.

2024 жылы туризм саласына бөлінген қаржы жалпы қаржыландыру көлемінің 44 пайызына жуық болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 54 пайыздан асты. Бұл өңірдің туристік әлеуетін дамытуға, ауылдық жерлерде жаңа қызмет түрлерін қалыптастыруға және тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етуде.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Мұндай өндірістер ауылдық жерлерде қосылған құны жоғары өнім шығаруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның маңызды нәтижелерінің бірі – ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуы. Соңғы үш жылда өңірде 76 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолдау тауып, бұл мақсатқа шамамен 2 млрд теңге бағытталды. Кооперация шағын шаруашылықтардың күшін біріктіріп, өндіріс тиімділігін арттыруға және өнім өткізу нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.

2026 жылы жүзеге асырылып жатқан жаңа қаржыландыру траншы аясында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы арасында 3 млрд теңге көлемінде келісім жасалды.

Бүгінгі күні Кредиттік комитет жалпы сомасы 1,75 млрд теңгені құрайтын 98 жобаны мақұлдады. Оның ішінде кепіл мүлкін рәсімдеу рәсімдері аяқталғаннан кейін 85 жобаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы берілді.

Жобаларды іске асыру бойынша Улан, Тарбағатай, Алтай, Катонқарағай аудандары мен Үлкен Нарын ауданы жоғары белсенділік танытып отыр. Бұл өңірлерде жеңілдетілген несиеге сұраныс жоғары және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қарқынды жүргізілуде.

Биыл қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы саласына тиесілі. Кәсіпкерлер тарапынан жоғары сұранысқа байланысты осы бағыт бойынша қарастырылған қаржы көлемі іс жүзінде толық игерілді. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы бойынша 70 жобаға 1,15 млрд теңгеден астам қаржы мақұлданып, белгіленген лимиттің негізгі бөлігі қамтылды.

Бұл ретте бағдарлама аясында өзге де басым бағыттар бойынша кең мүмкіндіктер сақталып отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, туризмді дамыту, заманауи техника мен жабдықтар сатып алу, сондай-ақ ауылдық жерлерде өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамыту жобаларына қолдау көрсетіледі.

- Ауыл экономикасын әртараптандыру өңірдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, - дейді «Ертіс» ӘКК» АҚ Несие департаментінің директоры Дидар Мажиринов.

«Ертіс» ӘКК бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына тұрақты түрде консультациялық қолдау көрсетуін жалғастыруда. «Ауыл аманаты» бүгінде ауыл тұрғындарының бастамаларын жүзеге асыруға, кооперацияны дамытуға және ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған тиімді құралдардың бірі екендігін уақыт дәлелдеп отыр.