Басты бет / Жаңалықтар / АУЫЛДЫ ҚОЛДАУ АЯСЫНДАҒЫ АШЫҚ ДИАЛОГ
Новости и статьи 17 қыркүйек, 2026

АУЫЛДЫ ҚОЛДАУ АЯСЫНДАҒЫ АШЫҚ ДИАЛОГ

Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша көшпелі кездесулер өтуде. Облыс әкімінің жуықта тағайындалған орынбасары Ренат Құрмамбаев бастаған жұмыс тобының аудандардағы ахуал мен мемлекеттік қолдау тетіктеріне сұранысты жергілікті жерде зерделеп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзекті мәселелерін тікелей талқылауда.


Осы жолғы кездесу 17 қыркүйекте Зайсан қаласында өтіп, оған Зайсан, Тарбағатай және Марқакөл аудандарының тұрғындары мен шаруалары қатысты. Бір алаңға ветеринария, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Даму» қоры, «OSKEMEN-ATAMEKEN» МҚҰ және «Ертіс» ӘКК өкілдері жиналды.

Кездесуде ветеринариялық бақылау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мен рәсімдеу, инфрақұрылым, кәсіпкерлікті қолдау және қолданыстағы қаржыландыру тетіктері қаралды.

Қаржыландыру тұрғысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу шарттары, Аграрлық несие корпорациясы мен «Даму» қорының қолдау құралдары түсіндірілді. «Ертіс» ӘКК» АҚ Несие департаментінің менеджері Жеңіс Манақов мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясындағы «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары туралы ақпарат берді. Аталған бағдарламалар бойынша қаржыландыру жылдық 6%-бен 7 жылға дейін беріледі.

Халықпен жүздесудің негізгі бөлігі тұрғындардың сауалдарына арналды. Сұрақтардың едәуір бөлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты болды. Соның ішінде зейнет және зейнеталды жастағы азаматтарды несиелеу мүмкіндігі көтерілді. Мамандар жеке қарыз алушы шағын несиені өтеу мерзімінде зейнет жасына жетпеуі тиіс екенін түсіндірді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрамында болса зейнет жасы бойынша азаматтарға шектеу жоқтығы (мүшелерінің барлығы зейнет жасында болмаса) айтылды.

Тұрғындар жер, инфрақұрылым және ветеринария мәселелерін де көтерді. Әр бағыт бойынша жұмыс тобының құрамындағы құзыретті органдар мен қаржы институттарының өкілдері түсініктеме берді. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер жауапты мемлекеттік органдардың қарауына алынды.

Жиын қорытындысында қаржы институттарына әлеуетті қарыз алушыларға өтінім рәсімдеуден бастап жеңілдетілген қаржы алуға дейін консультациялық қолдау көрсету, ал жергілікті атқарушы органдарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын Зайсан, Тарбағатай және Марқакөл аудандарының ауылдық округтерінде жалғастыру міндеті қойылды.

Осындай көшпелі кездесулер облыстың өзге аудандарында да жалғаспақ. Жұмыс барысында аудандардағы мемлекеттік қолдау құралдарына нақты сұраныс, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктері және шешуді талап ететін жүйелі мәселелер зерделенетін болады.