1 қазанда Өскемен қаласындағы «Ертіс» ӘКК» АҚ ғимаратында Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен өз ісін ашуды жоспарлап жүрген тұрғындарға арналған Ашық есік күні өтуде. Іс-шара «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының бастамасымен, даму институттары және бизнесті қолдау ұйымдарымен өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылды.
Бір алаңға «Даму» қорының, «Ертіс» ӘКК-нің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, екінші деңгейдегі банктердің және өзге де ұйымдардың өкілдері жиналды. Келушілер қаржыландыру, субсидиялау, кепілдік беру, жеңілдетілген несие, бизнес-жобаларды іске қосу және дамыту мәселелері бойынша кеңес ала алады.
«Бір терезе» форматы кәсіпкерлерге түрлі ұйымдардың мамандарына тікелей жүгінуге, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларымен танысуға және өз идеяларын жүзеге асыруға қолайлы тетіктерді таңдауға мүмкіндік береді.
«Ертіс» ӘКК» АҚ өңірде іске асырылып жатқан жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын таныстырды. Несие департаментінің менеджері Ерасыл Қази кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға қолданыстағы бизнесті кеңейту және ауылдық жерде өз ісін ашу сұрақтары бойынша кеңес берді. Ақпараттандыру барысында келушілерге қаржыландыру шарттары, өтініш берушілер мен жобаларға қойылатын талаптар, өтінім беру және қажетті құжаттарды дайындау тәртібі түсіндірілді.
«Ертіс» ӘКК менеджерлеріне жүгінген кәсіпкерлердің басым бөлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттарына, сондай-ақ «Береке» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыру мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Келушілер жеңілдетілген несие бағдарламаларының өздерін қызықтырған барлық бағыттары бойынша толық әрі жан-жақты кеңес алды.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше назар аударылуда. Бағдарлама жылдық 2,5% мөлшерлемемен шағын несие беруді көздейді. Қарыз қаражатының қолжетімділігі қаржылық жүктемені азайтып, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жеңілдетілген бағдарламалардың тағы бір артықшылығы — олардың шарттарында негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңінің қарастырылуы. Оның ұзақтығы нақты бағдарлама мен қаржыландыру бағытына байланысты. Бұл тетік кәсіпкерге қарыздың негізгі сомасын өтеуді бастамас бұрын жобаны іске қосып, тұрақты түсімге қол жеткізуге уақыт береді.
Мал шаруашылығы жобаларын қолдаудың қосымша мүмкіндіктері туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалы директорының орынбасары Нұркен Абдуллин да айтып берді. Еске сала кетсек, «Ертіс» ӘКК мен «Даму» қоры арасында «Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша портфельдік кепілдік беру туралы келісім жасалған. Соның аясында қаржыландыру алуды жоспарлап отырған кәсіпкерлер кепілдік беру шарттарын сақтаған жағдайда қарыз сомасының 80%-ына дейін қор кепілдігін ала алады. Бұл тетік кепілге қоятын жеке мүлкі жеткіліксіз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.
«Ашық есік күні» мемлекеттік қолдау шараларын түсінікті әрі қолжетімді етуге ықпал ететін іс-шара. Даму институттары мен қаржы ұйымдарының өкілдерімен тікелей диалог келушілерге нақты ақпарат алып, өз ісін ашу немесе дамыту үшін алдағы қадамдарын айқындауға мүмкіндік берді.