Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның өңірдегі операторы – «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.
2023–2025 жылдары бағдарлама аясында жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асатын 400 жоба қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдауға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтері ие болды.
Бағдарлама ауыл кәсіпкерлігінің сан түрлі бағытын қамтиды. Алғашқы кезеңде бөлінген қаражаттың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталса, кейінгі жылдары ауыл туризміне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, техника мен жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ ауылдағы ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік түрлеріне қолдау көрсету аясы кеңейді.
2026 жылы ауыл кәсіпкерлерін микрокредиттеуге 3 млрд теңге бөлініп, бағдарламаны іске асыруға жаңа серпін берілді.
Биылғы 2 қазандағы мәлімет бойынша жалпы құны 2,45 млрд теңгеден асатын 151 жоба мақұлданды. Оның ішінде 149 жобаға 2,44 млрд теңге көлемінде қаржы берілді. Осылайша, қарастырылған қаражаттың 80 пайыздан астамы игерілді.
Қаржыландырудың ең қомақты үлесі мал шаруашылығын дамытуға тиесілі. Бұл бағыттағы 76 жобаға 1,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға арналған 25 жоба, туризм саласындағы 23 жоба және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған 12 жоба қолдау тапты. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығымен және ауылдағы өзге де кәсіп түрлерімен айналысатын азаматтардың бастамалары қаржыландырылды.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше мән берілуде. Биылғы қаржыландыру кезеңінде 63 ауыл шаруашылығы кооперативіне жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеден астам қолдау көрсетілді. Кооперация ауыл тұрғындарына күш біріктіріп, ортақ ресурстарды тиімді пайдалануға, қажетті техника мен жабдықтар алуға, өндіріс көлемін ұлғайтып, бірлескен кәсіпті өркендетуге мүмкіндік береді.
Биыл бағдарлама Ұлан, Тарбағатай және Алтай аудандарында айрықша белсенді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ұлан ауданында 38, Тарбағатай ауданында 24, Алтай ауданында 16 жоба қаржыландырылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, жергілікті өндірісті дамытуға және тұрғындардың қосымша табыс көздерін қалыптастыруға ықпал етуде.
«Ертіс» ӘКК» АҚ бағдарламаға қатысуға ниетті ауыл кәсіпкерлерінің өтінімдерін қарау, мақұлданған жобаларды қаржыландыру және қатысу шарттары бойынша кеңес беру жұмыстарын жалғастыруда.
2026 жылға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы қаражатын игерудің қорытынды кезеңінде қаржыландыру тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобаларға беріледі. Мұндай шешім ауыл экономикасын әртараптандыру, аудандардың өндірістік әлеуетін арттыру және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінен алынатын қосылған құнды ұлғайту қажеттілігінен туындап отыр.
Фото ЖИ көмегімен жасалған