Басты бет / Жаңалықтар / «Ертіс» ӘКК қызметкері Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды
Новости и статьи 26 қараша, 2026

«Ертіс» ӘКК қызметкері Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды

Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты кеш өтті. Мерекелік шарада саланың дамуына үлес қосқан мамандар мен кәсіпорындар марапатталды. Олардың қатарында «Ертіс» ӘКК» АҚ Инвестициялар департаментінің директоры Аслан Келдібекұлы Смағұлов та бар. Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Агроөнеркәсіп кешені өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі саналады. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 460 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артты. Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 256,8 млрд теңгені құрады. Шығыс Қазақстан экспорт көлемін де ұлғайтып келеді: 2026 жылдың сегіз айында ол 251 млн АҚШ долларына жетті. Экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 79 пайызды құрады.

Өңір экономикасының дамуына «Ертіс» ӘКК» АҚ да өз үлесін қосып келеді. Өңірлік даму институты ретінде қайта құрылған корпорация бүгінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырады. Бұл бағыттар бойынша білікті мамандар жұмыс істеп, бастамалардың нақты жобаларға айналуына ықпал етеді.

Сондай мамандардың бірі — Аслан Келдібекұлы Смағұлов. Ол «Ертіс» ӘКК-де он жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын бизнес-жобалар жөніндегі менеджер қызметінен бастап, бүгінде корпорацияның инвестициялық бағытына жауапты негізгі құрылымдардың бірі — Инвестициялар департаментін басқарады.

Әріптестері Аслан Келдібекұлының өз саласын терең меңгергенін, үнемі ізденіп, кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыратынын атап өтеді. Ол әлеуетті инвесторларға жобаларды іске асыру мүмкіндіктері жөнінде кеңес беріп, өз бағыты бойынша сүйемелдейді. Сондай-ақ нарықтағы өзгерістер мен өңірдің инвестициялық ахуалына ықпал етуі мүмкін үрдістерді назарда ұстап, жинақтаған тәжірибесін департамент қызметкерлерімен бөлісуде.

«Ертіс» ӘКК» АҚ ұжымы Аслан Келдібекұлын лайықты марапатымен құттықтап, кәсіби қызметіне табыс тілейді.