«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ұжымы 13 қыркүйек күні «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Жомарт Манаковпен кездесті. Корпорация қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтау жөнінде семинар-кеңес өткізілді. Сондай-ақ, ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі талаптарының орындалуы мен ұжымдағы корпоративтік әдеп нормаларына сай қызмет ету тақырыбы да қозғалды. Қатысушылармен 2023 жылдың «Ертіс» ӘКК» АҚ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың қорытындысы да кеңінен талқыланды.
Ұжым алдында сөз алған Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің заңгері Данияр Темірбеков, өз кезегінде, Корпорацияға келіп түскен өтініштер дер кезінде, уақтылы әрі кәсіби түрде қарастырылуы керектігін жеткізді. Бұл кері байланыс пен жедел әрі ашық қызмет үшін маңызды екендігі айтылды. Корпорацияның ондаған жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан мамандары да, жаңа қызметкерлер де семинар-кеңеске бір кісідей қатысып, түрлі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.
«Ертіс» ӘКК АҚ-ның комплаенс-офицері Ринат Арыстанбектің айтуынша, мұндай іс-шара түрлі тақырыптарда ұжыммен дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ, басты мақсат – корпорация қызметкерлерін ақпараттандырып отыру және бағыттық білімдерін кеңейте түсу.