Басты бет / Жаңалықтар / «TALQYLAU»: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ
Новости и статьи 15 қыркүйек, 2023

«TALQYLAU»: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

Өскеменде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы ауыл шаруашылығын, аграрлық секторды, жалпы кәсіпкерлікті қолдау бойынша айтылған келелі ұсыныс-тұжырымдары тарқата талқыланды. «Amanat» партиясы ұйымдастырған іс-шараға құзырлы мекемелер мен ұйымдар басшылығы жиналды. Шақырылған спикерлер қатарында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өкілі Таңат Сағатұлы кәсіпкерлікті қолдау төңірегінде атқарылып жатқан қызмет туралы баяндады. Айта кетсек, «Ертіс» ӘКК ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жеңілдікпен несиелендіруге арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын ШҚО бойынша жүзеге асыратын сенім білдірілген агент ретінде бекітілген болатын. Бағдарлама аясында бөлінген 1,5 млрд-тан астам қаражаттың бүгінде 50 пайыздайы бір айға жетпес уақытта игерілді. Бұл үрдіс сұраныстың аса көптігін көрсетіп отыр.

Талқылауда аудан өкілдері тарапынан тікелей эфир барысында «Ауыл аманаты» бойынша қаржыландырудың екінші траншы бола ма?» деген сауал да түсті. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығының айтуынша, бөлінген қаражат толық игеріліп болған соң ғана бұл мәселе көтерілмек. Тек, келесі траншта қарастырылатын жобалардың маусымдық тиімділігіне басымдық берілмек. Мәселен, жаз кезінде тиімді саналатын «көкөніс өсіру» бағытын күз-қыс маусымында қарастыру тиімсіз деп танылуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы саласын, жалпы, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірқатар механизмдер жұмыс істеп тұрғанмен, әлі де ақсап келе жатқан тұс – азаматтардың кәсіпкерлік тұрғысынан сауатсыздығы, яғни, мемлекет қолдауын ала отыра өз ісін қалай жүргізуді, өнім-тауарларын қалай табысты сату жолдарын білмеуі. Бұл тұрғыда талқылауға қатысушылар тарапынан құзырлы органның сату жолдары, өнімді өткізу бойынша сауат ашу курстарын өткізуге ұсыныс түсті. ШҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов бұл жұмыстың маңыздылығын айта отырып, сұраныс болса мұндай тегін курстарды ұйымдастыруға кедергі жоқтығын жеткізді.

Жалпы, «Amanat» партиясының қоғамдық саясат институты аясында 2022 жылы құрылған «TALQYLAU» диалог алаңы тараптардың қордалы мәселелерді бірге көтеруіне қолайлы орын болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара 2 айда 1 рет түрлі тақырыптарда өтіп тұрмақ. Өйткені, маңызды мәселелерді көтергенде қатысатын ұйым-мекемелер құзырлы болғандықтан көптеген өзекті сұрақтарды шешу мүмкіндігі бар. Мәселен, ШҚО Жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы, Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы өкілдері қатысты. ШҚО кәсіпкерлер палатасы, «ШҚО аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ертіс» ӘКК» АҚ өкілдері бір кісідей нәтижеге жұмыс істеуге ниетті және өздеріне тікелей қатысты салалардың дамуына мүдделі.