ҰН БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте өңірлерге әлеуметтік маңызды азық-түлікті жедел жеткізу мен оның құны талқыланды.

Вице-премьер Серік Жұманғарин бұған дейін ҚТЖ ҰК АҚ-ға әлеуметтік азық-түлік өнімдерін өңірлерге жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін кез келген шешім қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Владимир Петров мәлімдеді.

Айтылған мәліметтер бойынша, 2023 жылдың 9 айында Қазақстанға ауыл шаруашылығы жүктерінің импорты 2,1 млн тоннаны құрады. «10,1 мың тонна ұн әкелуге қатысты барлық өтінімдер 100%-ға орындалды. Әлеуметтік азық-түлік өнімдері бойынша осындай жағдай – 145 мың тонна көлеміндегі ӘМАТ импортына қатысты барлық өтінімдер орындалды. Өтінімдер бір тәулік ішінде мақұлданады», — деді В. Петров.

Айта кету керек, қазан айының басынан бері ел ішінде астық, ұн және әлеуметтік азық-түлік тауарларын тасымалдау бойынша кешіктірулер байқалады. Астық бойынша жоспарлар 76%-ға, ұн бойынша – 72%-ға, көкөністер бойынша – 94%-ға, күнбағыс майы бойынша – 23%-ға ғана орындалды. Жалпы, осы күндері ел ішінде 619 мың тонна көлеміндегі әлеуметтік өнімдерді тасымалдау жоспары болса, 181,9 мың тоннаға тапсырыс орындалған.

«Темір жол бөлімшелерінің барлық басшыларына бірінші кезекте вагондар азық-түлік өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етуі қажет, өтініштерді бір тәулік ішінде қарау тапсырылды», — деп деп атап өтті «ҚТЖ–Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры.

Жалпы, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, негізгі азық-түлік тауарларының жалпы баға индексі 4 ай бойы төмендегеннен кейін маусымаралық кезеңде апта сайынғы өсім 0,1%-ды құрады. Бұл негізінен тауық жұмыртқасы бағасының маусымдық өсуіне байланысты болды (1,3%). Сондай-ақ қарақұмық (0,7%) және ұн (0,5%) бағасының шамалы өсімі тіркелді.

Өңірлер бойынша баға жағдайын қарастыратын болсақ, жыл басынан бері ең үлкен өсім Ұлытау облысында тіркеліп – 9,6%-ды құраса, Астанада жалпы өсу индексі 7,6%-ды көрсетіп, екінші орында келеді. Жиында Серік Жұманғарин атап өткендей, бұл аталған аймақтардың басшылығы азық-түлік қауіпсіздігіне басымдық бермей отыр. Ең жақсы көрсеткіш Алматы облысында (-0,2%) тіркелді.

Қазақстанның барлық өңірлерінде ұн бағасының көтерілуін ескере отырып, жиында арзандатылған астықты жөнелту жұмыстарының барысы тыңдалды.

«5 облысқа астық жөнелту бастады. Астықтың алғашқы топтамасы Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына жеткізіліп қойды. Қызылорда облысының операторы астықты ұнтақтап, Қостанайдан ұн салынған вагондарды жөнелтті. Сонымен қатар Жетісу, Ұлытау өңірлері мен Алматы қаласындағы ұн тартушы операторлары әлі күнге дейін Азық-түлік корпорациясымен жеткізілім шартына қол қойған жоқ. Ал, Солтүстік Қазақстан мен Абай облыстарында ұн тарту операторлары әлі анықталған жоқ», — деді СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

ӘМАТ бағалары жөніндегі кеңесте өңірлердегі өнімсіз делдалдарды жою жағдайына ерекше назар аударылды. Мәселені егжей-тегжейлі талдау үшін Серік Жұманғарин БҚДА-ға келесі кеңесте монополияға қарсы органның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарықтарын және өндірушіден сауда желілеріне дейінгі азық-түлік жеткізу тізбегін талдау бөлігінде жұмыс нәтижелерін ұсынуды тапсырды.



Ақпарат көзі:                                                                                                primeminister.kz