2023 жылдың 05 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні «Ертіс» ӘКК» АҚ кезекті Басқарма отырысына тұспа-тұс келді. Айта кетсек, «Басқарма отырысы туралы Ережесіне» сәйкес, директорлар Кеңесінің шешімімен аптасына 1 рет тұрақты түрде Басқарма отырысы өткізіліп келеді. Бұл отырыс корпорацияның барлық ішкі тынысын тізгіндеп, ағымдық міндеттердің тиімді атқарылуына тікелей тұсбағдар болатын шара.
Төраға міндетін атқарушы Танат Сағатұлының төрағалығымен өткен Басқарма отырысында күн тәртібіндегі 7 сұрақ қарастырылып, тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.
Ал жемқорлықпен күрес күніне орай аталмыш отырыста «Ертіс» ӘКК АҚ-ның комплаенс-офицері қызметкерлермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, корпоративтік әдепті сақтау және жұмыс орнында кеңселік киім үлгісін ұстану бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.
Сонымен қатар, ұжымда оңды моральдық-психологиялық ахуал орнату да назарда. Белсенділігі көзге түскен мамандар серіктестер тарапынан да еленуде. Мәселен, Инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі департамент директоры Аслан Смағұлов еңбектегі қол жеткен жетістіктері үшін «ҚазИнжиниринг» ҰҚ АҚ атынан алғыс хат табыс етіліп, ұжымның құттықтауына да ие болды.