Шығыс жұрты биыл ауыл халқының қал-ахуалын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» атты жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасының игілігін көре бастады. Өңірімізде тұңғыш рет жүзеге асқан аталмыш бағдарлама аясында түрлі бағытта ауылшаруашылық нысандары өз ісін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі - Ұлан ауданы, Өскемен ауылдық округіне қарасты Донское ауылында ашылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Шалқар Қожахметов – бағдарлама аясында несие алуға үлкен дайындықпен келген. Өтінім берместен бұрын барлық талапқа сай қажетті жағдайды жасап, кепіл ретінде жарамды мүлік болып табылатын мал өсіру базасын да арнайы салған. Үлкен үй екі қапталдан тұрады – кәсіпкердің отбасына бөлек және кооператив жұмысшыларына арналып бөлек бөлмелер салынған. Сонымен қатар, ең бастысы – ірі қараны бордақылауға арналған қора да құрылыс кезеңінен бастап барлық талаптарды ескере отырып көтерілген.
Бүгінгі таңда ШҚО Ауылшаруашылық басқармасының сенім білдірілген агенті «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы 27 300 000 теңге қаражаттай несиеге қол жеткізіп, бордақылауға 78 бас етті бұқа сатып алған «Донское» кооперативінің төрағасы жеңілдіктердің өзі үлкен қолдау деп отыр. Үстеменің жылына небәрі 2,5 пайыз болуы, мал алған соң 2 жыл бойы несиені өтеуге деген демалыс берілуі табысты айналымға салып көбейтуге орасан зор мүмкіндік екенін кәсіпкер алға тартуда.
Жергілікті ветеринар дәрігер мал басының амандығына жоспарлы тексерулер жүргізілетінін, екпелердің де уақтылы болуы қатаң қадағаланатынын айтып өтті.
Айта кету керек, о баста «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттары жарияланып, түкпір-түкпірдегі ауыл-аудандармен жұмыс жүргізілген соң өтінім беремін деген ауылдықтарға кеңес беріп, бағыттап, құжаттарының толық әрі заңды болуына жетекшілік еткен жергілікті атқарушы орган – әкімдіктер болды. Өскемен ауылдық округінің әкімі Оксана Қарабалинова өз кезегінде ауылда кооперативтің ашылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдың тынысы кеңейе түсеріне сенімді. Мәселен, бүгіннің өзінде 5 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Кооператив төрағасының айтуынша, бордақылауда тұрған бұқаларады ет өнімі ретінде сату келер жылдың наурыз-сәуір айларында жүзеге аспақ.