10-маусымнан бастап «Ертіс» ӘКК» АҚ баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында пияз бағасы 1 келісі 80 теңгеге дейін арзандады. Жеткізуші тарап пен Корпорация мамандары нарықтағы бағаны ұстап тұру мақсатында жүргізген өзара келіссөздер нәтижесінде пияз бағасын арзандатуға қол жеткізілді. Айта кету керек, қазір Корпорацияның 23 сауда павильонына «Алтай» көтерме-тарату орталығы Корпорация тарапынан контрактіленіп қойған қордан пияз жеткізуде.
Мамандардың айтуынша, әдетте, нарыққа мезгілден ерте жаңа піскен балғын пияз түскенде баға көтерілетіні бар. Өйткені, ерте пісетін өнімдерді өсіруге кететін шығын да көп. Алайда, бағдарлама өз функциясын үздіксіз атқарып отырғандықтан, пияздың 80 теңгеге арзандауы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге сеп болмақ.
Әлеуметтік маңызды деп танылатын барлық азық-түлік өнімдерінің бағаларымен және сауда нүктелерінің мекен-жайларымен www.spkertis.kz баға тұрақтандыру бағдарламасы бөлімінде танысуға болады.
«Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі