Өскеменде Ертіс өзенін басып өтетін аспалы арқанжол тартылмақ
11 маусым, 2024

Арқанжол жобалаумен айналысатын швейцариялық Bartholet компаниясы мен Шығыс Қазақстан облысы басшылығы арасында құрылыс бойынша меморандумға қол қойылды.

Шығыс Қазақстанда облыс орталығындағы «Ертіс» өзенін басып өтетін басты көпірге халық саны артып, қозғалыс көбейген сайын күш түсуде. Өскемендегі осы көпірүсті қозғалысты жеңілдету үшін, қалаішілік жүріп-тұруда қолайлылықты арттырып, туристік тұрғыда облыс орталығын тартымды ете түсу мақсатында аспалы жол салу идеясы пайда болған еді.

Жобаның негізін қалау 2026 жылға жоспарланған аспажол құрылысы екі кезеңмен жүзеге аспақ: бірінші – ADK-River нысанынан бастап облыстық Драма театрына дейін және кері қарай тарту, екінші кезеңде – «Қазақстан» тауы бағытына қарай арқанжол салу.

Меморандумға қол қою барысында жоба шығынының 80 пайызын Bartholet компаниясы көтеретіні, ал қалған бөлігі өңірді дамыту институттарының бірі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапына жүктелетіні айтылды. Жобаның жалпы құны аз дегенде 50 млн АҚШ долларынан бастап 90 млн доллар аралығында қаратырылып отыр.

Өңір үшін инновациялық көлік түрі болып саналатын аталмыш аспажол, жоба авторларының көздеуінше, Өскемендегі екі жағалау аралығындағы көлік қозғалысын жеңілдетуі тиіс. Әзірге құрылысқа қанша уақыт кететіні белгісіз. Бірақ, Bartholet компаниясының тәжірибесінде жобаларды жылға жеткізбей 8 ай ішінде тәмамдаған мысалдар бар.

Тәулігіне 15 мың адамды тасымалдай алатын аспажол екі кезеңмен салынады деп жоспарлануда. Бірінші кезекте қозғалыс бойынша қажеттілікті қамтамасыз етіп, тұрғындар сұранысын қанағаттандыру. Ал екінші кезеңде арқанжолды «Қазақстан» тауына қарай тарту көзделіп отыр. Бұл туристік мақсаттағы жол бағыты болып саналмақ. Аспажол өскемендіктердің ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жерлестер мен облыс қонақтары үшін де ыңғайлылық тудыратын нысан болары сөзсіз. Оның үстіне, шетелдік компания аспажолдың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетуді толықтай өз мойнына алмақ.