Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) қатарындағы І санатты тауық жұмыртқасы бойынша жыл басынан бері 0,8 пайызға баға арзандауы тіркелді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары С.М.Жұманғарин жетекшілігімен өткен жиналыста айтылды. Нарыққа ірілі-ұсақты ауылшаруашылық нысандарының өнімдері жылда осы маусымда көптеп түседі. Соның есебінен баға өздігінен төмендеп, жұмыртқа бағасын тұрақтандыру өзекті мәселелер қатарынан алынып отыр. ӘМАТ бағасын тұрақтандыру сұрақтары бойынша ШҚО комиссиясының шешімімен жұмыртқа бағасы 30-маусымға дейін тұрақтандырылып келді.
Еске сала кетсек, былтыр жыл соңынан бастап І санатты жұмыртқа бағасының өсуі байқалған уақыттан бастап, жергілікті сұранысты ескере отырып, «Ертіс» ӘКК» АҚ баға тұрақтандыруды қолға алған болатын. Ол кезеңде жұмыртқа импортына уақытша шектеулер болуы себебінен баға айырмашылықтары әр сауда нүктелерінде әр түрлі еді. Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру нарықтық жағдайды ескере отырып, 6 айдан астам уақытқа созылды. Сол уақыт аралығында басқа базар-дүкендерде баға 10 данасына 650-800 тг. аралығында болғанда Корпорация павильондарында 570 тг-ден ұсталып отырды, кейінірек 410 тг-ге дейін арзандатуға қол жеткізілді.
Мамандардың айтуынша, нарықта қымбаттау байқалса «Ертіс» ӘКК» АҚ тұрақтандыру бағдарламасы жұмыртқа бағасын шарықтатпау қадамдарын аталмыш комиссия қарастыруына дереу шығаратын болады.
«Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз-қызметі