«Ертіс» ӘКК» АҚ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарын сақтау мәселелері бойынша кезекті түсіндіру іс-шарасы өтті. Қоғам аппаратының басшысы Ринат Арыстанбектің, Мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Дидар Мажириновтың және сол департамент қызметкерлерінің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қоғамның Іскерлік әдеп Кодексі талаптарының сақталуы талқыланды.
2024 жылға қоғамға "Ауыл аманаты", "Жайлау" және т.б. сияқты бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тапсырылып отыр. «Ертіс» ӘКК» АҚ комплаенс-офицері Ербол Кижиков мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде департамент қызметкерлері жеке және заңды тұлғалармен тікелей байланыста болатынын (консультация, несие беру мүмкіндігін алдын ала бағалау және т. б.) консультативтік-түсіндіру іс-шараларын жүргізу барысында Акционерлік қоғамның Іскерлік әдеп Кодексінің талаптарын, сондай-ақ, комплаенс бағытындағы негізгі талаптар мен рәсімдерді қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Іскерлік әдеп Кодексінің 18 және 19-тармақтарына сәйкес Қоғам қызметкерлері әріптестерімен, іскер серіктестерімен және басқа да тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде адалдық, әділдік, ашықтық, сыйластық және т.б. қағидаттарын басшылыққа алуға, сондай-ақ адам құқықтарының сақталуын және құрметтелуін қамтамасыз етуге, әділ және адал әрекет етуге, пара мен басқа да ар-ұжданға нұқсан келтірер әрекеттерге бой алдырмауға міндетті.
Сонымен қатар, қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және коммерциялық пара беру жөніндегі нұсқаулық әзірленіп, енгізілді. Осы Нұсқаулық сыбайлас жемқорлыққа бағытталған іс-әрекеттерге не жататынын айқындайды, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер туындаған жағдайда қызметкерлердің іс-қимыл тәртібін белгілейді. Осыған байланысты барлық қызметкерлер жұмыста қолдану үшін осы Нұсқаулықпен танысуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ережеге сәйкес Қоғамда жедел желі жұмыс істейді. Мәселен, осы Ереженің 3-тармағына сәйкес, егер ұйым қызметкерлерінде, контрагенттерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу ықтималдығын білдіретін орынсыз мінез-құлық байқалса, қызметкер бұл туралы өзінің тікелей басшысына хабарлауы керек. Егер бұл кезде құзырлы басшы тарапынан әрекетсіздік байқалса, қызметкер "жедел желі" телефонына, атап айтқанда комплаенс-офицердің 8-747-853-26-00 ұялы нөміріне жүгіне алады.
«Ертіс» ӘКК» АҚ аппаратының басшысы Ринат Арыстанбек, өз кезегінде, кредиттер беру мәселелері бойынша үшінші тұлғалармен консультация жүргізу журналын ашуды тапсырды. Мұндағы мақсат - департаменттің жеке және заңды тұлғалармен консультациялық-түсіндіру іс-шараларын жүргізуі бақылануын және есепке алуды жүзеге асыру. Департамент директоры аталмыш журналды жүргізуге жауапты қызметкерді белгілейтін болады.