Ералы Тоғжанов іс-сапар соңына қарай Шығыс Қазақстан үшін тың инвестициялық жобаны ұсынған «RAM AGRO» шаруа қожалығының тынысымен де танысып қайтты. «Жоңышқа өсіру мақсатында жаңбырлатқыш құрылғы сатып алу» жобасы Ұлан ауданында Ново-Азовое аулында жүзеге асырылуда. Өңір үшін тың жобаны Мадина Раимбекова шөпке деген жыл сайынғы сұранысты ескере отырып қолға алған. Жобаның бірегейлігі – оның отандық өнім болуында. Яғни, осыған дейін шетелден қыруар ақшаға әкелінетін құрылғы енді Шығыс Қазақстанда да жасалмақ. Қазір барлық құрамдас бөліктері жергілікті жерде жасалғанмен, құрылғының өзегі болып табылатын редуктор сияқты бөлшектері сырттан алынуда. Алайда, жобаны жүзеге асырушылар алдағы уақытта мұндай құрамдас бөлшектер мен электронды құрылғыларға дейін Өскеменде жасалынатын болады деп отыр. Бұл бағытта жұмыстар басталып та қойған.
«RAM AGRO» шаруа қожалығы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен, бірлескен қызмет туралы шарт жасасып, инвестиция алуға қол жеткізді. Бүгінгі таңда кәсіпкер 59%, ал Корпорация 41% үлеспен инвестициялық жобаны жүзеге асырып отыр. Жобаның жалпы құны 636,5 млн теңге.
Ералы Тоғжанов «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жыл өткен сайын елдің тұтас дамуында сұранысқа ие болып келе жатқан бағыттарды инвестициялауға басымдылық беруіне ризалығын білдірді. Жалпы, су үнемдеу мәселесі мен әр өңірде кездесетін қуаңшылық кезеңдері ауыл шаруашылығы саласында жасанды түрде жаңбырлату тәсілімен шөп өсірудің аса тиімді екендігін көрсетті. Әр ауданда ауадай қажет жаңбырлатқыш құрылғы күн райына тәуелсіз түрде бір маусымда 2-3 рет өнім алуға сеп болмақ. Жалпақ өлшеммен алғанда алты ай қыс, алты ай жаз болатын Шығыс өңірінде қыс бойы ет, сүт бағытындағы шаруашылықтардың барлығы шөпке зәру екендігін ескерсек, өнім жылдам сатылып кетеріне кәсіпкерлердің сенімі кәміл.