Ауыл кәсіпкерлігін дамыту – ел экономикасының берік тірегі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында соңғы жылдары Шығыс Қазақстандағы ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, табысты еңбек етіп келеді. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған ұландық кәсіпкер Меруерт Тоқұнтаева. Бүгінде ол табиғи сүт өнімдерін өндірумен айналысып, ауыл тұрғындарын сапалы тағаммен қамтамасыз етіп қана қоймай, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкерлікке алғашқы қадамды Меруерт Тоқұнтаева 2021 жылы жасайды. Үй жағдайында сүт өнімдерін дайындап көріп, ірімшік жасаудың қыр-сырын меңгере бастайды. Мал басы көбейіп, сүт көлемі артқан соң, істі кеңейту туралы нақты шешім қабылдаған.
– Бастапқыда бәрі шағын көлемде, үйде басталды. «Табиғи өнім дайындап көрсек қалай болады?» деген ой болды. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, өнім сапасын жетілдірдім. Қазір 14 түрлі өнім шығарып отырмыз. Барлығы – қоспасыз, өз сүтімізден дайындалған таза тағам. Тұтынушыға адал ас ұсыну – мен үшін басты қағида, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда өндіріс орнында ірімшік, қаймақ, сары май және құрттың төрт түрі дайындалады. Күніне 10 келіге дейін құрт өндіріледі. Өнімдер жергілікті дүкендерге жеткізіліп, жәрмеңкелерде саудаланады. Сұраныс тұрақты, тұтынушылар қатары жыл сайын артып келеді.
Кәсіпті кеңейтуге мемлекеттік қолдау айтарлықтай серпін берген. Меруерт Тоқұнтаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 9 миллион 400 мың теңге жеңілдетілген несие алады. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шағын өндірістік цех іске қосылған.
– Бағдарламаның талаптарымен танысып, құжаттарымды тапсырдым. Жеңілдетілген несие кәсібімді кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді. Бұрын тәулігіне 400 литр сүт өңдесек, алдағы уақытта бұл көлемді 800–1000 литрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мақсат – мал басын көбейтіп, өндіріс аясын кеңейту, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпкер екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлер арнайы оқу курстарынан өткен. Ал Меруерттің өзі кәсіби біліктілігін арттыруды ешқашан тоқтатпайды. Ол жыл сайын түрлі семинарлар мен онлайн, офлайн курстарға қатысып, жаңа технологияларды меңгеріп келеді.
– Ірімшік жасау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Бір өнімнің мінсіз шығуы үшін бірнеше ай дайындалдым. Кітаптар оқып, арнайы курстардан өттім. Қазақта «Аққа адал болу керек» деген сөз бар. Бұл істің берекесі – адалдық пен ұқыптылықта, – дейді кәсіпкер.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін жеңілдетілген несиелер ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жергілікті экономиканы нығайтуға оң әсерін тигізуде. Меруерт Тоқұнтаеваның ісі – соның нақты дәлелі.
Адал еңбек, табандылық пен мемлекеттік қолдаудың үйлесімі Ұлан ауданында кәсіпкерліктің дамуына жол ашып отыр. Таза өнім өндіруді басты ұстаным еткен мұндай бастамалар өңір экономикасына серпін беретіні сөзсіз.



Жайна Сыранова
Фото: Жалғас Сақадиев